Халықаралық жарыс Шымкенттің теннис орталығында басталды. Топты жару үшін 60-тан астам спортшы бақ сынасатын болады. Олардың арасында Өзбекстанның да 14 жасқа дейінгі теннисшілері де бар.
Жанар Артаева, ОҚО теннис федерациясының өкілі: «Мұндай деңгейдегі халықаралық дода Шымкентте осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ал Қазақстанда бір жылдың ішінде төртінші рет өтуде. Бұл жолғы Азия ойындары Шымкентке бұйырғаны біз үшін үлкен мәртебе.»
13 жастағы жерлесіміз Виталий Самуилов Алматы, Қарағанды және Тараздың теннисшілерімен кездесіп үлгерді. Іріктеу жарыстарының соңында ол астаналық құрдасымен сынға түсіп, қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді.
Виталий Самуилов, Азия ойындарына қатысушы: «Бұл жолы жартылай финалға шығамын деген ниеттемін. Дайындығым жақсы, қарсыластарым да осал емес. Дегенмен, бұйыртса, топты жарамын.»
Сайыс апта соңына дейін жалғасатын болады. Ендеше, сіз де теннис кортына барып, жерлестерімізге қолдау көрсетіңіздер!