Заңгер кеңес береді

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Жұмыстың кассасында менің айлығымнан алиментке деп ақшаны бермей ұстап қалып жүр. Бұлай етуі заңды ма? Соттың шешімі бойынша алиментті мен өзім төлеуім керек қой. Неге жұмыстағылар менің айлығымнан менің келісімімсіз төлейді?

Жауап: 

– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 165-бабына сәйкес алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орны бойынша ұйымның лауазымды адамы нотариатта куәландырылған алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде оның жалақысынан және өзге де кірісінен алимент алатын адамның пайдасына ай сайын алимент ұстап қалуға және оны алимент төлеуге міндетті адамның есебінен жалақының және өзге де кірістің төленген күнінен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей төлеуге немесе аударуға міндетті.

Сондай-ақ төлеушіден ұсталған, бірақ алушыға уақтылы аударылмаған алиментті төлеуді кешіктіргені үшін жауапкершілік ұйымның лауазымды адамына жүктеледі.

Яғни жұмыс беруші мекеменің мұндай әрекеті заңды болып табылады.

Сұрақ: 

– Біздің базарларда «стоянщиктер» ақша төлемесең көлігіңді қойғызбайды, тіпті жолдың бойында немесе тротуарлардың қасына да. Сөйтіп адамдар «стоянщиктерге» 100-200 тенгеден төлеп отыруға мәжбүр. Ал мемлекеттік, құқыққорғау органдарының қызметкерлерінен сол құнның жартысын талап етеді. Олардың мұндай әрекеттері заңға сай келе ме? Жол бойындағы, аяқжолдың алдындағы жер мемлекеттікі емес пе?

Жауап: 

– Белгілі бір жерге автокөліктерді қойғызғаны үшін ақы алып отыруға тек сол жердің заңды меншік иесінің немесе сол жерді жалға алған тұлғаның ғана құқығы бар. Ол үшін онда сол жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар болуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 107-бабының 3-тармағының 8-тармақшасына сәйкес алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, парктер, гүлзарлар, opмaн парктерi, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың қажеттерiн қанағаттандыруға арналған өзге де объектiлер (су құбырлары, жылыту құбырлары, тазарту құрылыстары және жалпы жұрт пайдаланатын басқа да инженерлiк жүйелер, сондай-ақ жылу желілерінің күзет аймақтары мен ортақ пайдаланудағы инженерлік жүйелер) орналасқан және соларды орналастыруға арналған жерлер ортақ пайдаланудағы жерлер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 109-бабының 2-тармағы бойынша ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi азаматтар мен заңды тұлғалардың ортақ пайдалануға нұқсан келтiрмей, жеңiл үлгiдегi құрылыстарды (caудa жасайтын шатырларды, киоскiлердi, жарнама құрылғыларын және басқа да сервис объектiлерiн) орналастыруы үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн. Бұл ретте ортақ пайдаланудағы жер құрамынан, оның iшiнде базарлар, Алматы қаласының ерекше мәртебесі және Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы заңнамалық актіге сәйкес республикалық маңызы бар қала, астана көшелерінің бойындағы оқшауланған белдеулерде орналасқан ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) қоспағанда, жол (көше, өтпелi жолдар) жиегiнен учаскелер беруге жол берiлмейдi.

Ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi жеке меншiкке оларды ортақ пайдаланудағы жер құрамынан шығарғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн.

Яғни ортақ пайдаланудағы жерде автокөлік қойғызғаны үшін ақы алып отыру заңсыз болып табылады.