Егер Қазақстанда жанармай қымбаттаса, біздің өңіріміздегі ахуал да тыс қалмайтыны белгілі. Бұл туралы «Жанар-жағар май» қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Қайыпбек Қамбаров мәлімдеді.
-Біздің елімізде жыл сайын 80 миллион тонна мұнай өндіріліп, соның 15 миллион тоннасы еліміздегі бар-жоғы үш зауыт — Павлодар, Шымкент, Атырау зауыттарында өңделеді,-дейді халық қалаулысы. — Қазіргі таңда үш зауытта да жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы 2016 жылға дейін бүкіл Қазақстанды өзіміздің мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету туралы айтып өтті. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаты оған жетпейтіндіктен, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көрші Ресейде АИ-92 маркалы жанармайдың 1 литрі 150 теңгеден сатылса, бізде 110 теңге тұрады. Көрші елдің жүргізушілері солтүстік облыстардан бензинді арзан бағада алып кетіп жатқаны да жасырын емес. Дегенмен, тұтынушы үнемдеуді ұмытпауы керек.
Ал баға қымбаттағанымен, жанар-жағармайдың сапасына сын айтатындар көп. Қала тұрғындарының арасында жасалған сауалнамада басым бөлігі бензин сапасына көңілі толмайтындарын ашып айтты.
«Қалада қадам аттасаң — жанармай құю бекеті. Бірақ, бір маркадағы бензиннің бағасы бірдей болғанымен сапасы әрқилы. Су қосылғандай боп тұрады. Қоқым араласы қаншама.» Бұл қарапайым тұтынушының пікірі.
Бұған облыстық жанар-жағар май қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаровтың жауабы мынадай: «Бүгін — нарық заманы. Үлкен компанияларға тұтынушы тарапынан айтылар сын аз. Ал шағын және орта кәсіпкерлер сапаға қатты мән беруі тиіс. Бензин бір зауыттан бір бағамен тасымалданады. Тек қызмет сапасы әртүрлі. Әрбір кәсіпкер өз сатып алушысыны жоғалтып алмас үшін, бәсекеге қабілетті болу үшін сапаға назар аударуы қажет. Әйтпегенде кәсіптің көрігі қызбайды. Алты айда, бір жылда бөшкелерін, жанар-жағар май құю бекетін тазалау жұмыстарын жүргізуі қажет. Бірақ көптеген кәсіпкерлер жұмыс тоқтамасын деп бұған мән бермейді.»