Базар бағасы бірқалыпты. Әзірге азық-түлік пен көкөністің бағасы көпшіліктің көңілінен шығып тұр. Елімізде жанар-жағармай қымбаттағалы екі апта өтсе де, өнімдердің бағасына кері әсерін тигізбеген. Яғни, базардағы халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бұрынғы бағада сатылуда.
Нұрлан Есіркепов, маркетолог: «Азық-түлік, күнделікті қолданатын тағамдардың бағасында өзгеріс байқалып отырған жоқ. Тек бір ғана жұмыртқаның бағасы 30-20 пайызға қымбаттағаны байқалады.»
Шынында-ақ, базарда жұмыртқа бағасы шарықтап тұр. Он жылдан бері жұмыртқа сатып, нәпақасын тауып жүрген сатушылар бұл өзгерісті жатырқай қабылдаған. Өйткені, алушылардың өкпесі қара қазандай.
Маржан Қыдырова, сатушы: «Бензин қымбаттағалы жұмыртқа бағасы да өсіп кетті. Бұрын сәл арзандау болатын. Бір данасын 21 теңгеден сатасын едік. Енді 25-26 теңгеден сатып жатырмыз. Бізге фирмалар әкеп береді.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=dDwHL8M_k00[/youtube]
Ең бастысы, қарапайым халық тұтынатын ұн мен нанның бағасы тұрақты. Дегенмен, алқаптағы қызанақ пен қиярдың қазан болуына байланысты енді жылыжайдың өнімдері қымбат бағамен сатылымға шыққан. Ал ет, сүт өнімдері де қалта көтерерлік бағамен сатылуда.
Жалпы, әзірге базар бағасы көтерілмеген деуге болады. Дегенмен, маркетологтардың айтуынша, жанар-жағармай бағасы азық-түлікке әсер етпей қоймайды.