Базардағы баға «ұшып» тұр…

455
Базардағы баға

Азық-түлік бағасы тағы да қымбаттады. Әсіресе халық күнделікті тұтынатын ет пен көкөністің бағасы бүгінде шарықтап тұр. Басқасын айтағанда, өзімізде өндірілетін ет пен күнгей жерінде пісетін қызанақ бағасының қымбаттағанына жұрт аң таң.

Қазір қызанақтың саудасы қызып тұр. Түсінің өзі тәбет ашатын көкөністің келісі қазір Шымкент базарларында 400-450 теңгеден сатылып жатыр. Саудагерлер бірер апта бұрын көкөніс 350-370 теңгеден сатылғанын айтады.

Көпшілік жиі сатып алатын «Виктория» құлпынайын қазір келісі 750 теңге тұратын «Черный принц» сұрпы алмастырған. Ал қырыққабат пен картоптың бағасы едәуір өскен. Алайда сатушылар картоп келісінің 200-250 теңгеге тұрақтағанына тәубе дейді. Себебі жаңа піскен картоптардың осыдан бірнеше күн бұрын 700 теңгеден сатылыпты.

Еттің бағасы да ептеп өсіп келеді. Саудагерлер жылқы етінің жақын күндері 2000-теңгеге дейін қымбаттайтынын айтады. Қазір 1600-1700 теңге аралығында сатылып жатыр. Сиыр еті де осыған шамалас.

Қыз-келіншектер қыс қамына кіріскелі құмшекердің де құны артты. Қазір оның келісі 240-280 теңге аралығында сатылуда. Сатушылар тәтті өнімнің алдағы уақытта тіпті таптырмай кететін күндері де алыс емес екенін айтады. Алайда, салаға жауаптылар азық-түлік қоры жеткілікті деп сендіріп отыр. Жауаптылар базардағы бағаны күн сайын мониторниг жасап қадағалап отырмыз дейді.

Дегенмен, кәсіпкер тауарға қосатын үстеме ақысын өзі белгілейді. Ең қажетті деген санаулы ғана өнімдерден өзгесінің бағасы нарық жағдайына қарай өзгеріп отыратыны заңдылық. Онсыз да қымбатшылық құрсауында қалған халықты да осы жайт алаңдатады.

Мақпал Рысбаева