Ж. Түймебаев: Азық-түлік бағасын төмендетуде қоймаларды тиімді пайдалануымыз қажет

309
Ж. Түймебаев: Азық-түлік бағасын төмендетуде қоймаларды тиімді пайдалануымыз қажет

Оңтүстік Қазақстан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өзімізде өндірілетін және шеттен тасымалданатын азық-түлік тауарына сараптама жасалуы тиіс. Ол үшін арнайы жоспар құрып, мониторинг жасалуы қажет. Екіншіден, өзімізде өндірілген тауарларды сақтау мәселесіне мән беруіміз қажет. Бүгін селекторлық жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлімдеді.

Күн тәртібінде алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру шаралары және тұрақтандыру қорының жұмысы талқыланды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Б.Құрмансейіт баяндама жасап, өңірде ахуал тұрақты және тауарларға жетіспеушік байқалмайтынын жеткізді.

– Қазан айында әлеуметтік азық-түлік тауарлары тізбесіндегі 2 тауардың бағасының өсімі байқалады. Мәселен, картоп 17 пайызға яғни, 100 теңгеден 117 теңгеге өскен. Сүзбе 9,4 пайызға яғни, 1408 теңгеден 1541 теңгеге көтерілген. Десек те, қырыққабат 6,8 пайызға төмендеп отыр, – деді Батырхан Құрмансейіт.

Ж. Түймебаев: Азық-түлік бағасын төмендетуде қоймаларды тиімді пайдалануымыз қажет

Жыл басынан баға өзгерісіне әсер етуші факторлар ретінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 22,1 пайызға, дизель отынының 19,8 пайызға, коммуналдық тарифтер бойынша жылудың 12,2 пайызға, кәріздің 13,3 пайызға, судың 13,3 пайызға, электр энергиясының 1,3 пайызға қымбаттауы себеп болып отыр. Ал қазан айында АИ-92 жанармайының бағасы 11,4 пайызға, дизель отыны 6,9 пайызға өскен.

Өңірдегі ахуалға қаныққан облыс әкімі қазан айындағы облыстағы инфляция деңгейі 6,1 пайызды құрағанын, оның ішінде азық-түлік тауарлары баға өсімі 4,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 8,6 пайыз, ақылы қызметтер 5,8 пайызды құрағанына тоқталды. 

– Біріншіден, негізгі 19 тауардың бағасын дұрыстауымыз керек. Барлық басқармалар, аудан, қала әкімдері дайындық жұмыстарын күшейту керек. Екінші мәселе – осы тауар түрлерін өндіргенде сақтау мәселесіне мән беруіміз қажет. Бұл ретте Сайрам ауданындағы сыйымдылығы 40 мың тонна қойманы тиімді пайдалануды тапсырамын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, баға тұрақтандыру мақсатында облыста арнайы штаб құрылып, тиісті іс-шара жоспары бекітілген. Жыл соңына дейін Шымкент қаласында 20 әлеуметтік дүкен ашылмақ. Сондай-ақ, Қажымұқан атындағы орталық стадион маңынан үлкен әлеуметтік базар құру мәселесі де қаралып жатыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі