Көріктендірілген аула жұмысы көңілге қонымсыз

327
Жөндеу жұмыстарының соңы жырға айналды

 Биыл Шымкенттегі 296 аулада жөндеу жұмыстары өтті. Көпқабатты үй ауласының көріктенуін көптен күткен тұрғындардың көңілі марқайып қалған болатын. Алайда, араға ай салмай қуаныштары су сепкендей басылды. «Күншығыс» шағынауданындағы №25 үйдің тұрғындары мердігер компанияның атқарған жұмыстарына қанағаттанбай, кемшілікті түзеуді жергілікті биліктен талап етіп отыр. 

Жөндеу жұмыстарының соңы жырға айналды
Жөндеу жұмыстарының соңы жырға айналды

Бұл ауланың жөндеу жұмыстары осыдан бір ай бұрын аяқталған. Асфальт төселіп, ойын алаңшасына жаңа құрылғылар мен әр подъездің алдына бір-бір орындық орнатылған. Сырт көзге көрікті көрінгенмен, сапасы сын көтермейді дейді үй төрайымы.

Хуниса Сатыбалдиева, «Күншығыс» шағынауданы №25 үйдің төрайымы:  «Шын мәнісінде, жөндеу жұмыстарына көңіліміз толмайды. Мердігерлер асфальтті қалай болса, солай төсеп кетті. Балалардың ойын алаңындағы орындықтарды құмға қадай салды, бетон төсемеді. Жаңбыр суы ағатын арықты жасамады. Жаяу жүргіншеге жол төсемеді. Біз бұл жөндеуді 1978 жылдан бері күткенбіз.»

№25 және №26 үйдің ауласын көріктендіруге бюджеттен 13 миллион 418 мың теңге жұмсалыпты. Бұл жұмысты «Омар-Шерхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=lzu4SVA5SDU[/youtube]

Ерубай Құралбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі: «Салынған асфальт қабаты жарамсыз немес сапасыз дегеніне толықтай келіспейміз. Ол жерге асфальт қабатының сапасы туралы сараптама орталықтарынан қорытынды алынған. Бұл жұмыстар бақылауда. Тұрғындар айтқандай, асфальт жарамай қалса, мердігер екі жылдың ішінде өзінің кепілдік хаттамасы шеңберінде қалпына келтіреді.»

Жарамсыздың сапасыз емес екенін айтқан шенділер ауладағы қалған кемшілікті апта ішінде ретке келтіруге уәде етті. Айта өтейік, Еңбекші ауданы бойынша сегіз шағынаудандағы көпқабатты үйлердің ауласы көріктендірілген. Ал олардың сапалылығын уақыт еншісіне қалдырайық.