1 млн. теңге жеңіп алды: Аула тұрғындары қаржыны қайда жұмсамақ?

52

Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған «Менің гүлді аулам» байқауы өз мәресіне жетті. Жалпы жүлде қоры 16 млн. теңгені құрайтын сайыс бір айға созылды. Нәтижесінде қаладағы 91 аула гүлге көмкеріліп, оның 31-і жеңімпаз атанды. Бас жүлдеге жүлде 1 млн. теңге берілді. Гүл егіп, миллионер атанған аула тұрғындары қаржыны қайда жұмсауды жоспарлап отыр?

Бір айлық еңбек ақталды. Гүл егіп, ауласын абаттандырған Нұрсәт шағынауданы 212 үй тұрғындары 1 млн. теңге жеңіп алды.

Бұл қажырлы еңбек пен бірліктің жеңісі деген Күлазия Ермекбаева тал егуге еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін атсалысты дейді. Бірақ, тек конкурс үшін ғана емес өз аулаларының көркі үшін жұмыс істеген. Өйткені, бұл үй тұрғындары 10 жылдан бері ауласын көгалдандыруымен тұрақты айналысып келеді екен. Әрі сенбілік жасауды да әдетке айналдырған. Ал 1 миллион теңгеге үй жертөлесін жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.

Күлазия Ермекбаева, Шымкент қаласы, Нұрсәт шағынауданының тұрғыны:
«Мен ырзамын. Осы көршілерімнің арқасында, бірліктің арқасында осындай жеңіске жетіп отырмыз. Ұйымдастырушыларға рақмет, осындай шара үшін. Біз бұл ақашаға үйдегі жөртөлені жөндеуден өткізсек деп отырмыз. Өйткені, үй жөндеуден өткенімен, жөртөле кішкене тозып қалған. Ақылдаса келе осындай шешім қабылдап отырмыз».

Жалпы «Менің гүлді аулам» байқауы биыл үшінші мегаполисте алғаш рет өткізіліп отыр. Халықтың қызығушылығын тудырған конкурстың басты талабы ауланы абаттандыру. Гүл егіп, тал отырғызу арқылы қаланың көркеюіне үлес қосу дейді ұйымдастырушылар.

Азамат Қалқабаев, Шымкент қаласының Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының м.у.а. «Біздің талаптарымыз, әр аула өзінің тұрғылықты жерін абаттандырып, көгалдандыруы қажет болған. Ең бастысы қызғалдақ егу. Өйткені қызғалдақ Шымкенттің символы. Бар болғаны осы».

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға 91 аула өтінім берген. Оның 31-і комиссия шешімімен жеңімпаз деп танылды. Оның 9-ы- 1 млн. теңгемен, 6-ы- 500 мың теңгемен, 9 аула-250 мың тг, 8 аула-150 мың, 1 аула-100 мың теңгемен марапатталды. Жалпы жүлде қоры 16 млн. теңге.