Төтенше жағдай департаментінің басшысы тәртіптік кеңестің шешімін орындамаған

292

Облыстық төтенше жағдайлар департаменттің басшысы Уәлихан Ережепов тәртіптік кеңестің шешіміне құлақ аспаған. Ол тәртіптік кеңестің Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Серік Төлегеновті қызметінен босату туралы жолданған шешімін орындамаған.

Тәртіптік кеңеске ісі қаралған қос қызметкер де қатысқан жоқ
Тәртіптік кеңеске ісі қаралған қос қызметкер де қатысқан жоқ

Осыдан төрт ай бұрын кеңес мүшелері Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Серік Төлегеновті сыбайластық жемқорлыққа жағдай туғызғаны үшін қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы департамент басшысына ұсыныс жолдаған болатын. Серік Төлегенов ауданға қарасты бірақатар елдімекендерде орын алған су тасқынының салдарын жою мақсатындағы жұмыстарды түпкілікті орындалмай жатып жұмысшы комиссиясынан қабылдап алған.

Алайда, департамент басшысы заңсыздыққа жол берген бөлім бастығына сөгіс берумен ғана шектелген. Онымен қоймай, Төлегеновті ақтап, кеңеске хат та жолдаған. Ал кеңестің бұл жолғы отырысына Уәлихан Ережепов денсаулығына байланысты қатыса алмады. Енді  қандай да бір шешім қабылдау үшін департамент басшысының уәжін тыңдау керек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=2GoIHR-IbHU[/youtube]

Тәртіптік кеңес І топтағы мүгедекті әбден-әуре-сарсаңға салған Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жамбыл Байғоновтың да ісін қарады. Әлеуметтік көмек сұрап барған мүгедектің он күн ішінде тындырылыуы тиіс шаруасын Байғонов мырза бірнеше айға созып, жарымжан жанды әлекке салған. Енді бөлім басшысына шара қолдану үшін қала әкіміне хат жолданбақ. Ал Кеңес мүшелері Ережеповтің ісіне Төтенше жағдайлар министрінің назарын аудармақ болып тарасты.