Декреттік демалыстан кейін жұмысқа тұру бас ауруға айналып барады

Нұр ОтанТаяуда «Нұр Отан» партиясының өкілдері азаматтарды әлеуметтік мәселелер бойынша қабылдады. Әлеуметтік жағдайына байланысты көмекке мұқтаждық, қызметін асыра пайдалану бойынша арызданған облыс жұртшылығына түрлі саладан келген мамандар жауап беруге тырысты.

Заңсыз жұмыстан шығарды деп арызданғанның бірі Жадыра Нысанова. Декреттік демалысқа кеткен мұғалім, енді бұрынғы орнына жұмысқа орналаса алмай жүр. «Бұлай кете берсе, ешкім енді қазақтың санын көбейтіп, тумайды», — дейді ашуға булығып.

Қара домалақтарды көбейтемін деп жұмыссыз қалған келесі келіншектің бірі Бибігүл Байжігітова. Түркістандағы қан орталығында 9 жыл жұмыс істеген ақ желеңді азаматша да ата-анасымен бірге өз құқын қорғау үшін келіпті қоғамдық қабылдауға. Алайда, оны бүгін үміті алдайын деп тұр. Өйткені, мәселемді шешіп береді деген денсаулық сақтау басқармасының басшысы бүгін мұнда төбе көрсеткен жоқ. Айтуларынша, оның орнын жоқтатпауға келген орынбасары ештеңені шеше алмайды дейді. Сондықтан да, келіншек қоғамдық қабылдауға кірген жоқ.

Көз жасы көл болған отандастарымыздың аптадағы жан айқайы осы. Тиісті сала мамандары көкейді мазалаған сұрақтарды тек заң аясында шешуден басқа жауап қата алмады. Мәселе нақты шешілмесе де, облыстың түкпір-түкпірінен келген азаматтар алдамшы үміттің тағы бір қайығына мініп кете барды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=G4-sxiSIGX8[/youtube]