Етегі ерте түрілген қыздар көбейіп барады

Қазақстанда жасанды түсік жасатушылар тым жасарып барады. Тіпті, бұл келеңсіз құбылыс бәлиғат жасына енді толғандар арасында да белең алып барады. Еліміздегі жасөспірім қыздардың түсік тастауы шетелдермен салыстырғанда жоғары болып тұр. Мәліметтерге қарасақ, өмірге сәби әкелген 10 әйелдің біреуі — балалықтан арылмаған жас қыз. Соның салдарынан демографиялық өсімге айтарлықтай кесірі тиіп, көкек аналар саны артуда.

Сондай қыздардың бірі — Мария (есімі өзгертіліп алынды). Оның мектептегі махаббаты өмірлік мұңына айналды. Жасөспірім қыз небәрі 15 жасында жүкті боп қалды. Білім ошағын бітірмей жатып бойына бала біткен оның кейінгі өмірі өң мен түстің арасындай. Өмірі өксумен өтуде. Балалықпен шалыс басқан Дарияның сол кезде жасатқан түсігі қалған ғұмырына таңба болып қалды. Бүгінде бой жетіп, тұрмыс құрғанымен, бала сүю бақытынан айрылған.

Дария: «Мен осыдан 3 жыл бұрын бір жігітпен отырысқа барған едім. Жігітім достарымен бірге ішімдік ішті. Маған да ұсыныс жасады. Мен ішпеймін деп айтқан едім, ұрттап көрші деп қоймады. Сәл ғана ұрттағанымды білемін, одан ары не болғаны есімде жоқ. Жүкті екенімді 4 айдан кейін білдім. Үйдегілерге айтпадым. Сол кездегі Айжан есімді құрбыма ғана айттым. Екеуміз ақылдаса келе дәріханадан бір дәрі алғаным есімде. Үйдегілерге оқуға ақша керек деп алдадым. Содан дәріні  іштім. Етеккірім тоқтамаған соң жекеменшік клиникаға барып, көріндім. Тағы да шешемнен алдап ақша сұрадым. Осылайша баладан кұтылдым. Қазір тұрмыс құрдым, бірақ бала сүйе алмай жатырмын.»

Бүгінгінің ащы шындығы — қазақтың «қырық үйден тыю көрмей» өскен бойжеткені мектеп партасында отырып-ақ жүкті болып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жылына 20 мың жасөспірім жүкті болып, оның тең жартысы түсік жасатады. Салыстыру үшін айтайық, Шымкенттегі бір ғана Еңбекші ауданында орналасқан білім ошақтарында 28 мың шамасында оқушы бар. Биыл облыс бойынша, 65 мың бала дүние есігін ашса, соның 700-ін кәмелет жасқа толмаған қыздар босанған.

Айгүл Сапарғалиева, облыстың бас акушер-гинекологы: «Жұмысбасты ата-аналар балаларына уақыт бөле бермейді. Сондықтан қадағалаусыз қалған жасөспірім еркін өседі. Ол тәрбиені интернеттен, көшеден алады. Біз былтыр мектеп жасындағы қыздың ата-анасының араласуымен шаранасын алып тастадық. Себебі, ол баланың әкесін білмейтін болып шықты. Сондай-ақ, ауылдың бір қызы оң жақта отырып жүкті болған. Осы ақиғадан кейін елге қарабет болған ата-ана ауылдан көшіп кеткен. Негізі, мұндайды болдырмас үшін ана өзінің қызымен құрбысы секілді сөйлесу керек. Ерте босану — функционалдық және горманалдық жағынан анасы мен шаранасы үшін де қауіпті.»

Мамандар түсік жасатқан қыздардың 20 пайызға жуығы екінші рет жүкті болу мүмкіндігінен айрылатынын айтады. Кей деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 200 мыңға жуық сәби жарық дүниені көрмей, ана құрсағында тұншығады екен.