Тәрбиелік бағыттағы жобалар бастау алды

460

Шымкент қалалық Қазақстан хақы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі биыл оқу орындарында «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы», балабақшаларда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», жас аналар арасында «Аналар-шаңырақ шуағы!» сынды бірқатар тәрбиелік бағыттағы жобаларды бастады.

Бүгін Аналар кеңесінің бір топ мүшелері Шымкенттегі №6 колледжде студент қыздармен кездесті. Жүздесуде қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Балхия Көмекбаева, психолог Римма Нариманова және «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова ата-ананы қадірлеу, адамдар арасындағы сыйластық, отбасы құндылықтары мен қыз тәрбиесі жайын қаузады.
Еркін форматта өткен басқосуда жастар да тақырып аясында ой-пікірлерін ортаға салып, өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды.

«Қазіргі қыз – ертеңгі ұлттың анасы. Елбасымыз «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген. Сондықтан бүгін болашақ аналардың алдында арнайы келіп, қыздарымызға ақыл-кеңесімізді айтып, ақжарқын көңілмен берекелі әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Бүгінгі кездесу біздің де, құлақ қойып тыңдаған қыздардың да есінде қалатын ерекше шара болды деген үміттемін. Осындай игілікті іске мүмкіндік берген колледж басшылығана риясыз ризашылығымды білдіремін», – деді кездесу соңында Аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Балхия Әбдіманапқызы.