“Ақ дидарлы әжелер» байқауы өтті

1684
Түркістан қаласының әкімдігі

Жуырда Түркістан қаласында Астана қаласының 20 жылдығына орай «Ақ дидарлы – әжелер» байқауы болып өтті. Байқауға 60-70 жасқа дейінгі әжелер қатысып, өз өнерлерін ортаға салып, сахна төрін ән мен жырға бөледі.

Байқау шартында өзін, отбасын таныстыру, «Ескірмеген есті сөздер» — сұрақ-жауап кезеңі, «Шебердің қолы алтын» бөлімдері бойынша өтті. Яғни, әжелер өз өнерлерін ортаға салып, жүн сабау, ши тоқу, ұршық иіру,құрақ құрау,күбі пісу, құрт жасау, диірмен тарту,қазан шегелеу дәстүрлерін көрсетті.

 

 

Қазылар алқасы бағалау барысында киім үлгісінің үйлесімділігіне, әртістік қабілетіне, өнері мен шеберлігіне баса назар аударылды. Көпті көрген көреген әжелер арасындағы байқау өтті қызықты өтті. Бірінен бірінің өнері асқан әжелердің өнерін бағалау әділқазылар алқасына оңайға соққан жоқ.

Байқаудың бас жүлдесін ұлды – ұяға, қызды –қияға қондырған, немере- шөберенің ардақтысына айналып отырған Шәметова Роза әжей иеленді. Ал І – орынды Шорнақ ауылынан келген Балабекова Алия,ІІ- орынды Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылынан келген әжеміз Ташметова Айткүл, ІІ-орын Халыбекова Нұржамал,ІІІ-орын Шорнақ ауылынан Арынова Үрлайым, ІІІ- орын Қарашық ауылынан келген Бексұлтанова Саракүл лайық деп танылды.

 

Ұрпақ тәрбиесінде орасан зор үлесі бар ұлағатты әжелердің өнегесін ортаға салатын мұндай байқаулардың берері көп, әрине.