Жасандылықтан жалықтық…

715

Кешкісін бір сәт те болса көңіл көтерерлік күй іздейді көрермен. Алайда отандық өнімдердің арасында талғам таразысына сай келетіні кемшін. Сол себептен де өзгенің өніміне телмеңдеуге мәжбүр.

Шетелдің шұба¬тылған шерудей бітіп болмайтын сабын сериалдары өміріміздің бір бөлшегіндей боп кеткенін несіне жасырайық. «Жаман үйді қонағы билейдінің» кері. Түрік пен кәріс сериалдарының дәуірі басталғанда «Асау жүрек» болып аңырадық, «Қыналы қар» деп қырылып қала жаздадық, «Шехризат» деп көкірегіміз шерге толды. Сонымен қазекем сериал атты созылмалы ауруға қашан шалдықты? Бәрі де соноу 90-шы жылдары «Байлар да жылайды» телесериалынан басталса керек, Марианна деп көк жәшікке үңіліп өліп қала жаздадық. Байлармен қосылып бәріміз жылап кеттік.

Үнемі қайталанатын өмірлік коллизиялар. Өз өмірінен түңілген, өзгеден жеңілген, жалғызсыраған адамдардың өкінішіндегі минор нотасымен нүкте қойылатын ауыр сериалдар. Бірақ біздің көрермен күшті кино көрсеткен арнаға арқандаулы. Сериал көрсетуден бүгінде отандық телеарналар алдына қара салмай тұр. Өңкей түрік пен кәрістің қаңсығы. Енді оған ылғи да біреуден кек қайтарып жүретін, өшпенділіктің неше атасын үйрететін, мимикамен жұмыс істейтін үнді сериалдары қосылды. Тіпті бүгінде үндінің киносын көрсетпейтін арна да қалмады-ау осы. Ара-арасында отандық «өнімдерді» қыстырып қойған. Ұят болмас үшін!..

Көрерменді көк жәшікке көгендеп қойған нендей жұмбақ? Әрине түрік пен кәрістердің режиссерлерінің, актерлерінің, сценаристерінің мықтылығы. Әсіресе актерлерінің жан-тәнімен беріле ойнайтындығы көрерменді баурап алған. Бұрын үнді киносын көріп көз жасына еге бола алмай отыратын сериалмэндер бүгінде осы екі елдің киносымен қосыла жылайтын болған. Оларды да қазір өз ағамыздай көретін болдық. Тап бір ағайынымыз сияқты.

Дәмді ас жесек «қолыңыз дерт көрмесін» дейтін болдық. «Сұлтан Сүлейманды» көргелі бері хазретлери деп таңдайы тақ-тақ еткен баланы көріп таң қалғаннан талып қала жаздайтын дәрежеге жеттік. Бозбалаларымыз Ку чун Пе-дай шашын жалбыратып өсіріп алатын болды. Тіпті боянатын бозбалаларымыз да пайда бола бастады. Тойда торт әкелінгенде шамды өшіретін болдық. Кәрістердің салты.

Ұзатылатын қыздың артынан жұлынған раушан гүлдерінің сабағын шашатын болдық. Бұл да кәрістердің салты. Ұзатылатын қызымыздың иығына қызыл орамал жабатын болдық, Түріктің салты. Осылайша сериал біткен салтымыздың ішіне сыналай кіріп, өз әмірін жүргізе бастады.

Балабақшада тәрбиеші болып істейтін танысым: «бала біткеннің өзіне тән қылықтары жоғалып барады. Сериалдағы мимикаларды жаттап алған. Солар сияқты күледі, солар сияқты жүреді, тіпті солар сияқты жылайды. Тіпті сөздеріне дейін саналарына сіңіріп алған. Тап бір үлкен адамдай сөйлегенде таң қаласың. Кіп-кішкентай балдырғандарда балаға тән періште бір қылық болуы керек қой. Ал олар ерте есейіп бара жатқандай….» деп өз қорқынышын айтып еді.

Расында бүгінгі баланы теледидар тәрбиелеп жатыр. Тәрбие тізгіні теледидарға көшті. Төрде тұрған темір жәшік бүкіл отбасының тыныс тіршілігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындай. Шеше отырады таң атқаннан күн батқанға дейін теледидарға телміріп, ертегі айтуы тиіс әже отырады пультке таласып. Атаның жұмысы боевик сериалдардың бірін жібермей көру. Қолы қалт етсе олардың қатарына әке де қосылады. Сонда бала тәрбиесі қайда қалады? Олардың тәрбиесімен темір жәшігіміз айналысып кеткен жоқ па? Қалай ойлайсыз?

Бала көруге тұрарлықтай емес, сериалдардың басым бөлігінде алдау, арбау, жиіркенішті тірліктерді жіпке тізгендей етіп, көз алдыңызға тосады. «Көкжалдар мекені» адамдарды шыбын өлтіргендей қырып жояды. Олардың сұрауы жоқ сияқты. «Дениздің» де тәрбиеге қосар тамшыдай үлесі жоқ. Оң жақта отырып, аяғы ауырлап, некесіз бала табатын Банудың айлакерлігі, қулығы бүгінде қыздарымызға компас болғандай. Қорқынышты.

Ұрлықты қалай істеу керек, оқиға орнында саусақ іздерін қалдырмау тәсілдері. Адамды қалай қинап өлтіру керек? Шындықты қалай мойындату керек? Мұның бәрі де көк жәшіктегі көрнекі құрал сияқты. Соқырға таяқ ұстатқандай үйретіп отыр. Ертегі тыңдаудың орнына түнгі 1-2 дейін сериал көріп, әзер ұйықтайтын баладан қандай мейірім күтесіз? Бұл да бір балаларымыздың болашағына қатер төндіріп тұр. Өзгенікіне өзеурейміз деп жүріп ұлттық салт санамыздан айырылып қалмасақ болғаны.

Біреудің қаңсығы, бізге таңсық…

Шәй ішкіміз келеді. Белі қылдырықтай кесемен. Аузымыз күйіп. Түрік сериалдарынан жұққан дерт. Құлағымызда жалт-жұлт еткен күміс сырға. Хюрем сырға деп құрбымызға мақтанып қоямыз. Тағы да сол түріктен жұққан ауру. Бұрын жұрт көзге ілмейтін күмістің саудасы бүгінде осы Хюрем әшекейлерінің арқасында қызып тұр. Алқасын, жүзігін бәрін-бәрін сатып алдық. Енді оның қатарына алтыннан жасалынған Хюрем әшекейлері қосылыпты. Оны таққанмен Хюрем сұлтан бола алмайсың. Сол баяғы ошақтың үш бұтының арасынан от көсеп отырып, арманына иек артқан әйел болып қала бересің…Бірақ мұны түсінетін кім бар?…

Әсіресе кәріс сериалдарында жеке яхта, жеке ұшақ, жалт- жұлт еткен керемет қонақ үйлер, ауласы атшаптырым жеке үй, жұмысқа лимузинмен келіп кететін ірі компанияның мұрагерлері туралы сериалдары көп. Тәтті арманға берілесің. Бір кезде тіпті Кореяда өмірге келмегеніңе өкініп кетесің бе, қалай өзі? Тікұшақ пен яхтаны көрсетіп Қайрат Нұртас кино түсіре қойып еді. Бәріміз ұлардай шуладық. «Ойбай, бұл қайдан келген байлық? Не деген мақтаншақтық?» деп. «Қазақ та байысын. Адал еңбегімен, яхта мінсін, ұшақ сатып алсын. Онда тұрған не бар? Байыса өзімнің қазағым байысын» деп бір адам айтпады сонда…

Тақырыпқа тұздық….

Қайран сабын сериалға қор болған уақыт. Сананы улап бітті. Сериалдың аптығы басылатын кез болды ғой. Бірақ…. Отандық өнім жоқ емес, бар. Бірақ режиссерлеріміздің аудитория жинай алмай жүрген осал тұсы көп. Әртістеріміз әлі де жасандылықтан арыла алмай келеді. Жасандылықтан жалықтық…Көрерменін сендіре алмайды. Өтірік күледі, өтірік жылайды. Бәрі жасандылық. Жарнамасы жер жарған соң сол сериалдарды көргісі келеді көпшілік. Алайда…

Бүгінгі көрермен талай сериалдың басын қайырып тастаған әккі көрермен. Оларға ұнау оңай емес. «Болашақ», «Құрдастар», «Тағдыр», «Әке серті» олардың бәрі де көрерменнің көңілінен шықты десек өтірік айтқандығымыз болар. Қазақы сериалдардың бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен де…. «Тоғысқан тағдырлар» сыннан көз ашпап еді, енді ойлап отырсақ нағыз кәсіби түрде түсірілген екен ғой. Бүгінгі сериалдар тіпті «Саранчаның» қолына құманмен су құюға да жарамай қалғаны өтірік емес.

Қазақ режиссерлерінің құлағына алтын сырға: егер көрерменді теледидардың алдына көгендеп қойғыңыз келсе жасандылықтың бет-пердесін пәршә-пәршәсін шығарып, сенімді, шынайы сериал түсіріңіздерші, өтініш, көрермен сенетіндей. Одан кейінгісі көзге сүйел болған актерлерді түсіре беруді тоқтатыңыздар. Ойыны шынайы болса айтар әңгіме жоқ. Ана бір сериалда да, мына біреуінде де жылт-жылт етіп әбден мезі етті. Жаңа бейнелерге зәру қоғам…

Хош, сонымен Дулат Исабековшелесек «Ұрпағыңды түзеймін десең, телеарнаңды түзе»…

Гүлжан Көшерова