Таяуда «Нұрсәт» шағынауданындағы ломбардқа қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды. Бір қызығы, қолға түскендер ломбард кассирінің азаматтық некедегі жұбайының жолдастары болып шықты.
«Нұрсәт» тұрғындарының шырқын бұзған оқиға үстіміздегі жылдың қыркүйек айында орын алған еді. Сонда екі белгісіз адам ломбардқа шу шығармастан кіріп, қызметкерінің қол-аяғын байлап тастаған. Содан кейін зергерлік бұйымдар мен ақшаны тонап кетеді. Қылмыс салдарынан қаржы нысанының қожайынына 6 миллион 200 мың теңге көлемінде шығын келген деген мәлімет айтылған болатын.
Таяуда тәртіп сақшылары ломбардта істейтін қызметкердің бірінен жауап алды. Жәбірленуші оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның түсіндіруінше, қарақшылар алдап, ішке баса-көктеп кірген.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ZItlH_63i4I[/youtube]
Алайда, полиция қызметкерлері жәбірленушінің бұл сөздеріне бірден сене қойған жоқ. Олар жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, жас келіншек те сезіктілердің тізіміне енгізілді. Бір айдан аса жүргізілген тексеру жұмыстары барысында бұл қылмыстың тиянақты ұйымдастырылған әрекет екені анықталыпты.
Данияр Мейірхан, ОҚО ІІД, Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби полиция бөлімінің басшысы: «Бұл қызметкердің ломбардта жұмыс жасап жүргеніне 2 жылдай уақыт болған. Әбден басшысының сеніміне кіріп алады. Қылмыс орын алардан бұрын алтын бұйымдарды қабылдайтын орынның иесі тексеру жұмыстарын жүргізіп, кассаға 500 000 теңге жетпейтінін анықтайды. Мұны естіген қыз азаматтық некедегі жолдасынан көмек сұраған. Ал ол достарын шақырып, осы қылмысты жасайды.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=yJeS7dVr5Nk[/youtube]
Көп ұзамай осы істі тексеріп жатқан арнайы топ екі күдіктіні қолға түсіреді. Олардың айтуларынша, бұл қылмысқа жолдастары үшін барыпты. Ал ұрланған алтынды тең бөліп аламыз деп уағдаласқан көрінеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HRCHxDFrIn8[/youtube]
Қазір төрт күдікті қамауда жатыр. Олардың арасындағы келіншекке алаяқтық жасағын деген айып тағылды. Ал оның азаматтық некедегі жұбайы мен оның достары қарақшылық жасағаны үшін жауап береді дейді тергеушілер.