Шымкентте нан қымбаттады

359
нан бағасы қымбаттады

 Өлкемізде нан қымбаттады. Ас атасының құны бір күнде бес теңгеге шарықтап шыға келді. Қазір қала дүкендерінде нан 40 теңгеден сатылуда. Ал наубайханалар оны 35 теңгеден босатып жатыр. Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстанда нан бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ деген еді.

нан бағасы қымбаттады
Нан бағасы қымбаттады

Дүкендердегі нан сөрелерінің бағасы бір күнде өзгеріп шыға келген. Қарашаның бірінен бастап бөлке нанды 40 теңгеден сатып аласыз. Жайма базарда да осы баға.

 Қайыргүл, сатушы: «Бұрын нанды 32 теңгеден алатынбыз. Сосын 35 теңгеден сататынбыз. Қазір 35-тен алып жатырмыз. Сондықтан 40 теңгеден сатып жатырмыз. Қымбат болса да халық алады. Енді не істейді? Нан жемей отыра алмайсың.»

Қарапайым бөлкенің бес теңгеге қымбаттауы қарашаның қалтасына ауыр тиді. Әсіресе, көпбалалы отбасы мен зейнеткерлердің мазасын қашырды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=_UuZvD5KlY0[/youtube]

Халықтың наразылығына жергілікті билік ләм-мим дей алмай отыр. Әдеттегідей, жанар-жағармай бағасының көтерілуі ұнның қымбатауына әкеп соқты. Облыстық «Нан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы нан бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында әкімдікте құрылған үш жақты меморандумның мерзімі аяқталғанын алға тартты. Арзан бағамен сатылатын ұн болмағасын, кәсіпкерлер шілдеден бері шығынмен жұмыс жасап келіпті. Қала бойынша 43 наубайхана болса, соның бесеуі нарыққа төтеп бере алмай жабылып та қалған көрінеді.

"Нан" қоғамдық бірлестігінің төрағасы
«Нан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Әбдімәлік Көмекбаев, Облыстық «Нан» қоғамдық бірлестігінің төрғасы: «Бұл жерде екі-ақ вариант бар. Әкімшілік былтырғыдай қолдайтын болса, бағаны түсіреміз. Ал қолдамаймыз, бірақ бағаны түсіріңдер дейтін болса, наубайхана амалсыз жабылады. Ал үшінші вариант осы бағаға келісіп, жұмыс істей беру».

Осыдан бір ай бұрын ғана министр Асылжан Мамытбеков елде нан бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ екенін айтқан болатын. Сондай-ақ, «Биылғы өнім 2012 жылмен салыстырғанда мол, жиналған дақылдар далада жатып, жарамсыз болып қалмайды. Қоймалар сақтауға толығымен дайын» деген. Сөйтіп, халықты биыл нанның бағасы қымбаттамайды деп сендірген еді.

Асылжан Мамытбеков, ҚР ауыл шаруашылығы министрі: «Қазіргі уақытта 3-класты астықтың бағасы тоннасына 27-28 мың теңгені құрап отыр. Бұл біздің болжамдаған, жоспарлаған көрсеткіштерден әлдеқайда көбірек.»

Осылайша ең арзан нан бағасымен көзге түскен Шымкентте де ас атасы қымбаттады. Ал ең қымбат нан Алматыда, 65 теңгеден сатылуда. Ас атасы Астанада 50-55 теңге тұрады. Бұл баға Атырауда — 40, Өскеменде — 60, Қарағандыда — 53, ал Талдықорғанда 45 теңгенің маңайында.