Шымкенттің оқушылары 147 теңгенің тамағын ішеді

Биыл қалалық білім бөлімі ыстық тамақтың құны - 150 теңге деп белгіледі.

Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуда көптеген кемшіліктер орын алып отыр. Бұл түптеп келгенде болашақ ұрпақтың денсаулығына төнетін қауіп. Мәжіліс депутаттары мен білім және ғылым министрлігіндегі мансаптылар осы мәселе төңірегінде дабыл қағып отыр. Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымованың айтуынша, бұл олқылық негізінен мемлекеттік сатып алудың дұрыс ұйымдастырылмауынан. Ал Шымкенттік оқушыларға берілетін ыстық тамақтың сапасы мен құнары қандай?

Мектеп асханасындағы тағамдар құнарсыз
Мектеп асханасындағы тағамдар құнарсыз

Шымкент қаласындағы әлеуметтік тұрмысы төмен 4946 оқушы жыл соңына дейін күніне 7371 тенгенің тамағын ішеді. Ол 66 миллион тенгені құрайды. Күндігіне шаққанда орта есепен бір балаға 147 теңге тиесілі екен.

Мәселен, №47 Төлеген Тәжібаев атындағы мектеп асханасында бюджет есебінен тамақтанатын 66 оқушыдан бөлек өзге де балалар ас ішеді. Тек ол ақылы. Сол себепті асхана меңгерушісі тағамның сан алуан түрін дайындауға ниетті. Бірақ, азық- түлік қымбат дейді. Оған қоса қыс мезгілінде бала ағзасына витаминді жемістер қажет. 147 теңгеге оны алу мүмкін емес.

Сауле Бейсенбаева кәсіпкер: «Әрине көкөністерді алғымыз келеді. Бірақ  ала алмаймыз. Өйткені өздеріңізде білесіздер олардың қанша тұратынын».

Шымкент қаласында екі мектептің оқушылары 104 теңгеге тамақтанса, бір білім ошағында ол тіпті 95 теңгені құрайды. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізген білім бөліміндегілер ол кәсіпкер өзге мектептер секілді балаға құны 147 теңгелік тағам берулері тиіс дейді. Бүгінгі таңда қалалық білім бөлімі баланы сапалы тамақтандырудың екі жолын ұсынып отыр. Оның алғашқысы кеңес заманындағы қоғамдық тамақтандыру жолын енгізу, не болмаса мектеп асханасын сол мектеп басшылығына өткізіп арнайы аспазшы меңгеруші секілді қосымша штаттар ашу. Қалалық мәслихат депутатары осы ұсыныстың алғашқысын қолдап отыр .

Жасыратындығы жоқ шымкенттік балаларды сапалы ыстық тамақпен қамту үшін 147 теңге аз. Ол өткен жылы 160 теңге болыпты, осы салада жұмыс жасап жүргендердің сөздерінен ұққанымыз — дені сау бала тәрбиелеп өсіреміз деген ел баланың тамақтануына мұқият қарап, бұл салаға үлкен өзгерістер енгізу қажет .