«Өзге елдің әнін ұрлайтын сазгерлер бар»

Ырысты Шымырбаева
Ырысты Шымырбаева

– Ырысты Әлімбетқызы, қазір қайда жүрсіз? Үлкен сахнадан көрінбей кеттіңіз. Шығармашылығыңызда не жаңалық болып жатыр?

– Облыс орталығынан алысырақ болған соң да шығар, көрінбей жүргеніміз. Әйтпесе, Түлкібастағы «Балықты» мәдениет үйіндемін. Шығармашылықтан қол үзген жоқпын. Ел арасында жүріп, тұщымды әндер жазып жүрмін. Мәселен, жуырда ғана Әли Бектаев ағамыздың «Нұр аға» өлеңіне ән шығардым. Ол әнім «Сәт» тобының орындауында тыңдарманға жол тартты. Ақын Әбілда Аймақтың «Төле баба» деген жыр шумақтарына, Дәурен Айманбетов деген ақын жігіттің «Арысым еркем, Арысың қайда оғылан?!» деген шығармасына да ән арнадым. Бірақ осы Ержан Серікбаевқа арнау туындымыз таяуда өткен композиторды еске алу кешінде орындалуы тиіс болатын, үлгермей қалдық. Әзірге қай әншіге ұсынарымызды да шешкен жоқпыз. Бірақ жақын күндері жарыққа шығады деп отырмыз. 

Ырысты Шымырбаева – 1966 жылы мамырдың 21-інде Қызылорда облысында туған. Түлкібас ауданы Балықты мәдениет үйін басқарғанына жиырма жылға жуықтады. 2003 жылы облыстың «Үздік әйел мәдениет қызметкері» атағын иемденген. Оңтүстіктің 80 жылдығына орай өткен республикалық композиторлар байқауының бас жүлде иегері. 2012 жылы «Жылдың үздік композиторы» атағымен марапатталған.

– Өткен жылы «Жылдың Үздік композиторы» атағына ие болдыңыз. Айтыңызшы, осы марапатты алатыныңызды алдын-ала сездіңіз бе? Жалпы мұндай марапаттауларға қалай іріктеп алатынын білгіміз келеді?

– Оған іріктеу, ұсыну, қалай жүзеге асатынынан хабарым жоқ. Бір білерім, осы марапаттауға ие болатынымды естігенде алғашында сенбедім. Бұл жақсы хабарды ақын Әбілда Аймақтан естідім. Бір той-жиында кездесіп қалып, «Ырысты, құттықтаймын, сені жыл үздігіне ұсынып жатыр екен» деді. Түк түсінбеген бойда, хабарсыз екенімді айттым. Марапаттау рәсімінен 2 күн бұрын мәдениет басқармасынан хабарласып, «Сіз жылдың үздік сазгері атандыңыз» деп айтқанда, «Бұл қалай?» деппін. Телефон тұтқасын қоя салысымен, «Оңтүстікте қаншама композитор бар, мені кім ұсынған, қашан ұсынып үлгерген?» деген ойлар мазалады. Қуанғаным сонша, тіпті іс-шараның сағат қаншада өтетінін де сұрамаппын. Сөйтсем, мәдениет басқармасы ұсынып, арнайы комиссия лайық деп тапқан екен. Несін жасырайын, қуаныштан көзіме жас алдым. Себебі, ән – менің жүрегімнен туатын перзентім! Сөйтіп 12.12.12 деген айтулы датада сағат тілі 12:00-ді көрсеткенде марапаттады. Сахна төріне көтерілгенде осындай даталы күні менің бағымның жанғанына көзім жеткендей болды. Ішімнен менің әнімді орындап жүрген әншілерге шын жүректен алғысымды айттым. Алла Тағалаға осындай дарын бергені үшін разылығымды білдірдім. Осылайша, сол жерде мені лайық деп бағалаған халық қой, енді мен елім үшін аянбай қызмет етіп, солардың жанының жарасын емдейтін, жанын жадырататын, көңіліне жарық сәуле сыйлайтын әндер жазуым керек деп, алдыма үлкен мақсат қойдым. Осылайша өзімді бақытты сезіндім! Бойымды Оңтүстік тарихында есімім қалатын болды деген қуаныш сезімі кернеді. Өздеріңіз білесіздер, мен Қызылорда облысында туып-өскен жанмын. Соған сәл ыңғайсыздандым. Сазгері көп өңірден жүлдегер атанғаныма…Өңірдің 80 жылдығы құрметіне өткен республикалық байқауға 41 композитор қатысты. Оның 25-30-ға жуығы біздің облыстан. Сонымен қоса, Республикамызға белгілі Жарылқасын Дәулет, Марат Омаров, Рамазан Тайманов сынды сазгерлер бақ сынады. Бұл күні Әбілда Аймақтың сөзіне жазылған «Нұрын шашқан Оңтүстік» деген әнім 23-ші болып орындалды. Сайыста суырылып шыққаныма осы кісілердің алдында кінәлідей сезініп, ыңғайсызданып, бір түрлі күй кешкенім де бар. Бірақ сол байқауда өзіме деген сенімділік пайда болды.

– Ал ең алғаш жазған әніңіз есіңізде ме?

– Шынымды айтсам, осыдан 15-20 жыл бұрын кітапханада отырған кезімде бір кітаптың ішіндегі патриоттық өлеңді оқып отырып, соған тамаша ән жазғанмын. Конкурстарда айтылатын терең тынысты, кең толқынды ән болды бұл. Сол күндері қағазға жазып алған өлең жолдарын жоғалтып алдым, сосын сол кітапты кітапханалардан еш таппай қойдым. Авторы да есімде қалмапты. Ол кезде ұялы телефон, диктофон деген дүние жоқ. Бұл ән осылайша есімнен шығып қоя берген. Көп әндер ойыма келетін, бірақ олар осылайша ұмытылып кететін.

– Қоржыныңызда қанша әніңіз бар? 

– Бүгінде 40-қа тарта әнім бар. Менің әндерімнің ерекшелігі сол – ешбір әнге ұқсамайды. Он екі шұқып, бір жазамын. Жазып жатқанда да бір әнге ұқсап кетпеді ме екен деп қатты алаңдаймын. Әндерім кейде бір ерекше сөз сұрап тұрады, кей кезде керісінше өлең жолдары ән сұрайды. Сондай сәтте тамаша дүние пайда болатыны бар. Көбіне лирикалық және патриоттық жанрда жазғанды қалаймын. Патриоттық әндерді айтқанды жақсы көремін. Ал егер жыр жолдары вальс ырғағын сұрап тұрса немесе вальс әні өзге сөздерді сұрап тұрса, ешқашан жаңылмаймын. Себебі жүректен шықпайынша, ол жүрекке жетпейді. Ақындармен жұмыс жасағанда да, өте өте мұқият болған дұрыс деп есептеймін. Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әли, Исрайл Сапарбай, Қазыбек Мыңжан, Мұқағали Мақатаевтың жыр жинақтарын көп оқимын. Сол кісілердің өлеңдеріне ән жазғанды жақсы көремін.

– Айтыңызшы, әні «хит» болуы үшін композитор не істеуі қажет?

– Бір ғана талап – әнді жүрекпен жазуы маңызды! Ән жазғанда да ақынның сөзіне баса назар аударып, орындаушы әншіге лайықтап беру керек. Осы әннің бағын осы әнші жандырады-ау деп. Сонда ғана, мән-мағынасы, жөн-жоралғысы келіскен дүние болады. Былтыр менің «Қазақ елі» деген әнім қазақ радиосының алтын қорына енді. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, үлкен жетістік! Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ бүгінде шығармалары «хит» болуы үшін қазіргі композиторлар өзге елдердің әндеріне қол сұғудан танбай жүр. Тойда орындалып, таралып жүрген әндердің басым бөлігі өзбек, түрік, тіпті үнді әндерінің ноталарынан ұрланған. Тіпті жазбай тануға болады. Жуырда теледидардан елге белгілі әншілер бір тамаша әнді шырқап жатыр екен, қосыла айтып кеттім. Есіме түсіріп көрсем, біздің кішкентай кезіміздегі бір ән. Қазір бұл әнді өзге бір композитор «иемденіп» алыпты. Бұл өте ұят! Композиторлардың атына келетін үлкен сын! 

– Құпия болмаса, әндеріңіздің құнын қаншаға бағалайсыз?

– Мен ешқашан бір әншіге мына әнімнің құны мынанша деп айтқан емеспін. Бүгінге дейін бірде-бір әнімді сатқан жоқпын. Тегін беріп жүрмін. Шырқаңдар, айтыңдар деп. Себебі, маған әнімнің жарық көргені, танымал болғаны маңызды. Бағының жанғаны жақсы. Егер өздері келіп, еңбегімді бағалап, сыйын табыстап жатса қолын қақпаймын.

– «Оңтүстік Рабат» газетін оқып тұрасыз ба?

– Әрине, бұл басылым – Оңтүстіктің сүйікті газеттерінің бірі, Оңтүстіктің айнасы! Көп саланы қамтиды. Маған ұнайтыны есімі елге белгісіз таланттарды танытуға көңіл бөлетіндігі. Аты дүркіреп шығып, көрінбей кеткен таланттарды «Сіз қайда жүрсіз?» деп іздейтіндігі ұнайды. Мүмкіндікті пайдаланып, өзім құралпы оқырмандарға ең алдымен еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деймін! Елбасымыз аман болып, Қазақстанымыз биікке өрлей берсін! Оңтүстіктен өнерлі перзенттер туылсын деген тілек арнаймын!

– Ақтарыла айтқан әңгімеңізге көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Мөлдір БЕКЕЕВА