Биыл «Балапан» бағдарламасы бойынша 3 пен 6 жастағы сәбилерді мектепке дейінгі ұйымдарға қамту жұмысын 65 пайызға орындау міндеттелген болатын. Оны қадағалау қала, аудандық білім бөлімдерінің басшыларына жүктелген. Облыстық әкімдікте өткен жиында орташа көрсеткішке жете алмаған 8 аудан анықталды. Облыс әкімінің орынбасары жыл соңына дейін жүріп, межеге жетпеген аудандардың білім бөлімінің басшыларына ескерту жасады.
Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Жылдың қорытындысына сәйкес жұмысының нәтижесі 65 пайызға жетпеген аудан,қала әкімдері тікелей жауапқа тартылады. Тікелей жауапкершілікте қаралғаннан кейін сіздердің де атқарып жатқан жұмыстарыңыздың лайықтылығы қаралады. «Ашайын деп жатқан едім», «анау еді», «мынау еді» деген сылтауларыңызды жиыстырыңыздар! Осы күнге дейін неге ашпадыңыздар? Жылдың аяғын күту қажет пе еді!?»
Облыс әкімінің орынбасары жылдың басында осы мемлекеттік бағдарламаның орындалуына 11 миллиард теңгеден асатын қаржы республикалық бюджеттен, ал облыстық, аудандық қазынадан 6,5 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Қазір сол ақша 100 пайыз жұмсалғанымен, істің табандап тұрғаны түсініксіз.
Сәкен Қаныбеков, облыс әкімнің орынбасары: «Енді аудан, қала әкімдеріне ұсыныс ретінде жазамын. Президент әкімшілігінің тапсырмасын орындамағаны үшін. Берілген уақыт аяқталды.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=sUZQljnj0fg[/youtube]
Айта кету керек, қазір 55 мың сәби балабақша кезегінде тұр. Жекеменшік балабақшаларды да санын көптеп ашу керегі айтылды. Осы ретте еске түсетін жайт — Мақтаарал ауданында бір емес, ондаған мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері есеп-қисабымыз дұрыс жүргізілмегендіктен мәселелеріміз көбейді деп шырылдаған еді.
Тағы бір өзекті тұс — облыста 1222 білім ошағы бар болса, соның ішіндегі 356 мектепте порт секциясы жоқ. Осы жайында аудандық білім бөлімдерінің басшыларынан жауап алынып, келесі жылы бұл тапсырманы 50 пайызға дейін орындау керегі айтылды. Сонымен қатар биыл білім сапасы бойынша төмен көрсеткішпен көрінген Сарыағаш ауданына білім беру деңгейін көтеру тапсырмалары жүктелді.