Жуырда ғана Шымкентте у-шу саньдадан Қазақстан чемпионаты өтті. Еліміздің барлық облыстарынан шығыс жекпе жегінің шеберлері жиналды. Олардың арасында джиткундошылар да бар.
Брюс Лидің ізбасарлары бірнеше спорт түрін қамтығандықтан, шығыс жекпе-жегінің бірқатар жарыстарына қатысу мүмкіндігіне ие болған. Бұл жолы да оннан астам джиткундошы ептілігін сынға салды. Нәтижесінде Жібек Тұрғынбаева еліміздің у-шу саньда ханшайымы атанды. Ол жуырда ғана Шымқалада өткен республикалық жарыста алтыннан алқа тақты. Ал турнир ұйымдастырушылары Жібекке алтын түсті тәжді сыйға тартты.
Енді жерлесіміз джиткундо бойынша халықаралық додаға қатыспақ ниетте. «Жаттығуларымызды жалғастырып жатырмыз. Алдағы күндері Өзбекстанға жол тартамыз. Көршілес елде халықаралық жарыс өтеді. Байрақты турнирде ел намысын қорғаймын деген ниеттемін» дейді Жібек.
Ел чемпионатына қатысқан ең кішкентай спортшы Нұрсұлтан Махмұдовтың салмағы 25 келі ғана. Дегенмен, ол республикалық турнирден жеңімпаз атана білді. Бүгінде Нұрсұлтан жаттығуларын жалғастыруда. Өйткені халықаралық аренада топты жару үшін әлі көп жұмыс жасау қажет.
Күш атасы Қажымұқанмен аттас жерлесіміз енді кәсіби ринг төріне шығуды жоспарлап жүр. Осыған дейін құрлық жеңімпазы атанған Қажымұқан Бұрханов енді Әлемдік аренаға шықсам дейді. Ал бұл жастарға бапкерлік етіп жүрген Бекзат Жалалов Азия чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.
У-шу саньда бойынша өткен ел чемпионатында бұл спорт ордасының 3 шәкірті чемпион атанса, тағы тоғызы жүлделі болды.