Энергетиктер еңбегінің жемісін көрді

Жаңа жылдық қарбаласпен қатар келген энергетиктердің төл мерекесі ауқымды шаралармен  атап өтілді. Осы саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар марапатқа ие болды. Облыс мәслихатының грамотасы өңіріміздің маңызды нысандарда еңбек етіп жүрген азаматтарына табыс етілді.

Сый-құрметке шардаралықтар, Түлкібас пен Отырар,  Жетісай, Шымкент қаласының мамандары ие болды. Олардың арасында Кентаудағы жылу электр орталығының өкілі Гүлбараш Құрманбекова да бар.

Гүлбараш Құрманбекова, «Кентаусервис» мекемесінің жұмысшысы: «Бұрын барлығы бұзылып, әбден әбігерге түсетін едік. Енді, міне, соңғы екі жылда қазандықтар жөнделіп, орталық үздіксіз жұмыс істеп тұр. Тұрғындарды жылумен қамту үшін ұжымымызбен бірге білек сыбана жұмыс атқарудамыз.»

Александр Шевченко, «3-энергоорталық» АҚ-ның орталықтандырылған жөндеу цехының басшысы: Бізде демалыс, мереке деген жоқ, күнделікті жұмыс істейміз. Электр жарығы және жылумен шымкенттіктерді қамтимыз. Жұмысымыз оңай деп айта алмаймын, алайда, өзіме ұнайды. Бүгін біздің  еңбегімізді елеп,  мынадай жоғары деңгейде марапаттап жатқанына ризашылығымды білдірмекпін. Рахмет!»

Мерекелік шара облыстық опера және балет театрында жалғасты. Оңтүстік өңірін электр жарығымен қамтыған коммуналдық қызметтің өкілдеріне алғыс хаттар мен грамоталар табысталды. Солардың күшімен соңғы үш жылда тозығы жеткен желілер мен жабдықтар жаңғыртылды.

Мұрат Ибрагимов, «Оңтүстік ЖарықТранзит» ЖШС бас директоры: «Биыл үлкен жұмыс атқарылды. Мәселен, Көмешбұлақ, Түркістандағы қосалқы станциялар толық жаңаланды. Сонымен қатар Қара жол – 1,2 елдімекендеріне жаңа желі тартылып, трансформаторлар орнатылды. Бұл  – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында. Алда да атқарар жұмыс жеткілікті. Сол міндеттерді бірге орындаймыз деген сенімдемін. Сіздерді төл мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Отбасыларыңызға амандық, баянды бақытты өмір тілеймін!»

Энергетиктер еңбегінің жемісін көрді

Бұл күні энергетиктердің төл мерекесімен облыс әкімдігі, облыс мәслихаты және де сала басқармаларының басшылары құттықтады.