«Солтүстiк Саяжай» шағынауданына электр жарығы тартылды

41

Шымкенттің шет аймақтары сапалы электр қуатымен қамтылды. Солтүстiк Саяжай елдімекенінде тұрғындарды жарықпен қамтамасыз ету жобасы аяқталды. 6000-ға жуық абонент кезең-кезеңімен орталық жарық жүйесіне қосылды. Бұған дейін қала тұрғындары жеке трансформаторды пайдаланғандықтан, ауа-райының қолайсыздығына байланысты электр қуатының жиі өшіп қалатынын айтып шағымданған.

Шымкент қаласының іргесінде орналасқан «Солтүстік Саяжай» ықшамауданына сапалы электр жарығы жүргізілді. Сондықтан аймақ тұрғыны Сержан Әлімханов енді теледидары күйіп кете ме деп қорықпастан, кешкісін отбасымен бірге сүйікті фильмдері мен телебағдарламасын көретінін айтады.

Сержан Әлімханов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен үй сала бастағанда  көршіден уақытша электр жарығын тартып алатынбыз. Бірақ жел соғады, ауа-райы бұзылады, жарық өшіп қала беретін. Тұрмыстық техника жанып кете ме деп қорқатынбыз. Электр жарығы ауа райына байланысты болатын».

Бұған дейін шағынаудан тұрғындары қуаты аз жекеменшік электр желісін қолданған. Кейде бірнеше күн бойы жарықсыз қалған кездері де болған екен. Ал қазір мөлтек ауданға 145 шақырым электр сымы тартылып, жаңа трансформатор мен электр бағаналары орнатылды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мемлекет тарапынан сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Қазір жұмыстарды қабылдап жатырмыз. Шағын аудандағы барлық тұрғын үйлерге электр желілері қосылды. Есептегіштерді орнаттық. Қазіргі уақытта біз мердігер мекемеге қосымша мамандарды жіберіп жатырмыз, осылайша барлығы қазан айының бірінші күніне дейін қосылып үлгерді»

Әкімдіктің мәліметінше биыл шеткі аймақтағы бірнеше елдімекен тұрғындары көптен күткен сапалы электр жарығымен қамтылады. Бұл – Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап шағын аудандары. Оларға электр жарығы қосылса, 22 мың жаңа абонент пайда болады деп жоспарланған. Ал 2023 жылы қала халқын толықтай сапалы жарықпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.