Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Жетіасар” галереясында “Тәуелсіз Қазақ елім” атты фотокөрме байқауы өтті. Фотосуретшілердің қас-қағым сәттегі қайталанбас құбылысты қағып алған туындыларын көпшілікке ұсынуға университеттің “Дизайн” кафедрасы және облыстық туризм басқармасы ұйытқы болды. 80-нен аса фотосуретшінің арасынан Райхан Қазыбекованың туындылары байқауда үздік деп табылып, бас жүлдені иеленді.
Көрмеге экспозицияда портреттік, пейзаж және архитектуралық, және тағы да бас жанрлардағы 200-ден аса шығарма қойылды. Туындылардың сюжеттік тақырыбына қала және дала мәдениеті мен тұрмыс-тіршілік, табиғаттың құбылыстары арқау болған. Көрменің негізгі мақсаты — көрерменге өлкенің өзіндік ғажап табиғи көрінісін ұсыну дейді ұйымдастырушылар. Алдағы уақытта үздік деп танылған шығармалар бұдан да үлкен экспозициялық көрмелерде көрермендерге жол тартпақ.