Пантеон салу шариғатқа қайшы ма?

Пантеон құрылысы бүгінде көпшілік арасында екі түрлі көзқарас туғызып отыр

Астанада тек шенді-шекпенділер жерленетін қорым салынатындығы туралы әңгіменің айтылғанына біраз уақыт болды. «Мегаполис» газетінде жарияланған мәліметке сүйенсек, бұл шешім нақтыланыпты. Тіпті, қазір ерекше зираттың кескін-келбетіне қатысты байқау жарияланған. Қабірстанның сәулетін ең жоғары деңгейде жасап шыққан сәулетші 7,5 млн теңге сыйақы алмақ. Астана қаласының әкімдігі ұлттық пантеонның құрылысын көктемде бастауды жоспарлап отырғанға ұқсайды. Қазақ элитасының қорымына айналатын ерекше мазарда әзірге жалғыз саясаткердің сүйегі жатыр. Ол – Мәжілістің бұрынғы спикері, марқұм Орал Мұхамеджановтың денесі.

Пантеон құрылысы бүгінде көпшілік арасында екі түрлі көзқарас туғызып отыр
Пантеон құрылысы бүгінде көпшілік арасында екі түрлі көзқарас туғызып отыр

Аумағы 500 гектарға созылған жер шамамен 150 жылға жетеді дейді мамандар. Айта кетерлігі, зиялылар қорымына мұсылмандар ғана емес, өзге діннен шыққан қоғам қайраткерлері де жерленеді екен. 

Пантеон құрылысы бүгінде көпшілік арасында екі түрлі көзқарас туғызып отыр. Бірі – мемлекет дамуына ықпал еткен қоғам қайраткерлерінің бөлек жерленгені дұрыс десе, енді бірі – үзілді-кесілді қарсы. Құны миллиондарға бағаланған қабірстан кім үшін салынбақ? Өлілер үшін бе, әлде тірілер үшін бе? Өлген соң шариғатта мұсылман баласына теңдей жер берілетіні айтылады. Соңғы кездері газетімізде оқырмандар бейіт басын шектен тыс дарақылықпен сәндеу, биік ескерткіш үйлер салуға қарсылықтарын білдіріп пікірін айтып жатқаны белгілі. Имамдарымыз да лажы болғанша бейіт басына там салғаннан гөрі, қаржыны жоқ-жітікке, аш-жалаңашқа жұмсау керектігін айтады. Ал, Астанада бой көтеретін пантеонға ағаш отырғызылып, аллея салу, мал сойылатын арнайы орын, тіпті қонақ үй салу да қарастырылғанға ұқсайды.

Дегенмен, өркениетті елдер көшіне ілескен Қазақстанның да өзге елдердегідей мәдениетті тұрғыда жерлеу рәсімін аңғартатын ұлттық пантеонға ие болмақ ойын құптайтындар аз емес. Ұлтымыздың азаттығы үшін күрескен Міржақып Дулатовтың сыртта қалған сүйегін елге әкелгенде, екі-үш күндеп «Камаздың» үстінде жатқанын, Смағұл Сәдуақасұлының сүйегі айлап көмусіз қалғанын алға тартып, «Арыстарымыздың сүйегін жерлейтін пантеон керек!» дейтіндер де көп болды.

Гүлнұр Сәтбаева

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары

Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары:

– Жалпы, шариғатта, не адами тұрғыдан болсын барлық пенде Алла Тағаланың алдында тең. Дегенмен, ұлттың зиялы қауымдары мен мемлекет қайраткерлерін келер ұрпаққа үлгі ету мақсатында олардың мазарын ерекше етудің еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Алайда, ол жерге шетелдердегідей ағаш егіп, аллеяға айналдырмау қажет. Өйткені, өлілерге құрметпен қарап, олардың зиратын аяқасты етпеу керек. Яғни, аллея болса, оның ішіне кіріп, адамдар аралауы мүмкін. Сондай-ақ, адамдардың ондай жерлерге барып табынып кетуінен абайлау керек. Өйткені, ерекше қорымдарға сыйынып, ала жіп байлап жататын азаматтар жоқ емес. Тағы бір айтатын нәрсе, онда тек мұсылманнан шыққан зиялы тұлғалар ғана жерленгені дұрыс. Өзге дін өкілдері мен мұсылмандардың араласып жерленгені дінге қайшы. Мысалы, Қазақстанда қоғам қайраткерлері тек қазақта ғана емес, біздің елде тұратын өзге дін өкілдерінен де шығып жатыр ғой. Сондықтан, осы мәселе тұрғысында терең ойлану керек. Немесе пантеонның аумағын кең етіп, христиандар, т.б. жат дін өкілдерін бөлек жерлеу қажет. Бірақ, әлде де бұл тұрғыда, яғни пантеон салу мәселесінде терең ойланып, дін өкілдерінің бірігіп, зерттеп-зерделеуі қажет сияқты.