«Сараптама» мекемесі құрылмақ

175
Арман Абдуллаев жобалау енді қатал қадағаланады деп сендірді

Оңтүстік Қазақстан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы облыстың, қала мен аудандардың 5 жылға арналған даму бағдарламасын дайындады. Елдімекендердегі әзірге шешімін таппаған мәселелер әлеуметтік-экономикалық картаға енгізілді. Өзекті мәселелердің бірі — халықты сапалы ауызсумен қамту. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында облыста 47 су нысанының құрылысы жүргізілген. Нәтижесінде 16 елдімекеннің 2 миллионнан астам тұрғыны таза ауызсумен қамтылды.

Арман Абдуллаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «2013 жылы 10 автокөлік жолы күрделі жөнделді. Қазір  27 көпір мен 31 құбыр, 657,2 шақырым жолда жөндеу мен құрылыс жұмыстары  жүргізілуде. Шымкент қаласында 33 көше қиылысына 51 оң жақ бұрылыс  жасалды.»

Облыстың экономикалық-әлеуметтік саласында ілгерілеушілік бар. Жалпы өңірлік өнімнің құны 2 триллион теңгеден асқан. Облысқа 350 жарым миллирд теңге инвестиция тартылған. Алайда кемшіліктер де жоқ емес. Бюджет қаржысын игеруде, жобалауда әлі де кемшін тұстар бар. Облыстың бас экономисі келер жылдан бастап мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейтінін мәлімдеді.

Арман Абдуллаев  жобалау енді қатал қадағаланады деп сендірді
Арман Абдуллаев

Арман Абдуллаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Жобалаудағы қателіктерді болдырмау мақсатында облыста «Эксперт» ЖШС  құрылып, бұл мекеме мемлекеттік сараптамаға дейінгі жобалау ісін, құрылыс барысын қадағалауға алатын болады.»

Басқарма басшысы уәде еткендей қадағалау қатал болса, онда стратегиялық маңызды нысандар мен инженерлік желілер өтетін жерде баспана, әлеуметтік нысандар бой көтермеуі тиіс. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжат негізінде жүргізілген құрылыс барысында барлық талаптар орындалса, сапаға да қол жеткіземіз деген үміт те жоқ емес.