Тендерге қатысты дау көбейген

ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаева
ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаева
ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаева

Күні кеше ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаева тілшілер алдында жылды қорытқан есеп беру жиынында ә дегеннен сөзін халықтың билікке деген көзқарасынан бастады. «Халықтың көңілі бірқалыпты»,- деді Гүлмира Жапбарқызы. Бірақ бұл сауалнама немесе әлеуметтік зерттеудің кімдерден, қанша адамнан алынғаны айтылған жоқ.

Халықтың билікке деген сенімі жоғары екеніне дау жоқ шығар, бірақ барлығының көңіл-күйі бірқалыпты дейтінді дәлелдейтін дәйекті неге бүгіп қалды екен. Қандай басшы болса да, өзі басқаратын саланың жетістігін айтып, елдің алдында «қырып» жұмыс істеп жатқандай көрінуге ұмтылу табиғи үрдіс. Дегенмен, елдің көңіл-күйі бірқалыпты деп кесіп, Тағаева ханым неге сүйеніп айтты, осы жағы қызықтырып еді бізді.

Қоғамдық бірлестіктер туралы да сөз болды. Өңірімізде олардың саны қазір 925 болса, оның ішінде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны – 479. Соның небары 362-і жұмыс істейтін болып шықты. 285-і қалалық жерде орналасса, қалған 77-сі ғана ауыл аймақта. Жыл сайын облыстық бюджеттен үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға тиісті мөлшерде қаржы қарастырылған. Мәселен, биыл 50 млн теңге бөлінген. Қаншасы игерілгені беймәлім. Оның үстіне қаржы үкіметтік емес ұйымдарға бірден берілмейді. Ол алдымен тапсырысты өз қаражатына орындап, тапсырып алуы тиіс. Сосын ғана аударылады екен. Мұндай қатаң талапқа ондай ұйымдардың қаншасының шыдас берері беймәлім. Тиісінше аталмыш ұйымдардың жұмыссыз қалу қаупі төніп тұрғаны ақиқат. Бұл тұрғыда Гүлмира ханым жарытып ештеңе айта қоймады.

Журналистердің БАҚ өкілдеріне берілетін мемтапсырыстың басым бөлігі Алматы мен Астанадан шығатын телеарна, газет-журналдарға беріліп жатқаны туралы сұрағына басқарма бастығы «бір ел болған соң осы елдегі кез келген БАҚ өкілдерінің мемтапсырысқа қатысуына мүмкіндігі бар» деген жауап қатты. Дегенмен, бұл жауап көпшіліктің көңілінен шыға қоймағаны анық. Себебі, жергілікті баспасөз құралдары таралымның аздығынан және мемтапсырыстың басым бөлігі басқа облыс-тан шығатын басылымдарға берілгендіктен, тоқырауға ұшырай бастаған. Соның кесірінен облыстағы көптеген баспасөз құралдарында қызметкерлерді қысқарту, жалақының азаюы байқалады. Мемлекет билігінің саясатын жүргізу, насихаттауға келгенде республикалық газет-журналдарға басымдық бергеніне қарағанда облыстық ішкі саясат басқармасының жергілікті БАҚ-ты менсінбейтінін, көзге ілмейтінін байқататындай. «Барлықтарың республикалық газетсіңдер, мәселен «Айғақ» газеті – халықаралық басылым», – деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Яғни, кімге не беру керек екенін сендерден сұрамаймыз деген ыңғайын байқадық. Бұрын мұндай тенденция біздің облыста аса қатты байқалмайтын. Дегенмен соңғы кездері мемтапсырысқа қатысты дау-жанжалдың көбейіп кеткені осындай-осындайдан шықса керек.

Не керек, басқарма бастығы бар-жоғы 20 минутқа созылған есебінде «бәрін қатырып жатырмыз» дегеннен ары асқан жоқ. Ұмытып бара жатыр екенбіз, соңғы сөздерінің бірінде облыста «Отау тв» отандық телевизия таратылымының қамту аймағын ұлғайтып жатырмыз деді. Соның арқасында шалғайда жатқан ауыл-ауылдағы ағайын ел жаңалығынан құлағдар. Тіпті, республика бойынша қамту көрсеткішінен бірінші орынға шығыппыз. Бірақ, «Отау тв-нің» ауыл-ауылға таратылуына облыстық ішкі саясат басқармасының қандай қатысы бар екендігін білмей дал болдық. Білуімізше, бұл шаруамен негізінен «Қазақтелеком» компаниясы айналысуда. Ал Тағаева болса әр үйге жерсеріктен тарайтын телеарнаны тап бір өзі, өзі басқаратын басқарма ғана орнатып беріп жатқандай лепірді. Не болса да, халыққа тиімді жоба екенін білеміз. Сол үшін де елдің отандық телеарналарға деген қолжетімдігі артқан үстіне арта түсуін тілейміз. Жиын соңында айтылған түйін де осы болатын.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ