Бүгін Қазақ елі Фариза Оңғарысыновамен қоштасады

387
Фариза Оңғарсынова

Қазақ руханияты орны толмас қайғыға дұшар болды. 23-қаңтарда Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова 75-жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Тұңғыш «Бұлбұл» өлеңдер жинағы 27 жасында жарық көрген Фариза қыз заманауи қазақ поэзиясында өз алдына бір тау тұлға ретінде қалды. Қазақта Фариза деп Мұқағалиша жырлаған ақындар аз болған жоқ. Солардың бірі – 987 жылы «Фариза апа» деп арнау жазған Әбілда Аймақ болатын. Жерлесіміз қаперінде өз егізінен айрылғанына сенер емес.

Әбілда Аймақ, Қазақстан Жазушылар Одағы ОҚОФ төрағасы, ақын: «Кім ойлаған, Фариза кенеттен дүние салады деп?! Ешкімнің ойында болған жоқ. Менің ойымда Фариза мәңгі жасайтын сияқы болатын. Ол мәңгіліктің символы сияқты еді маған. Қазақ поэзиясында оның орнын ешкім баса алмайды, ондай ақын жоқ!»

Асхан Майлыбаева болса әйгілі ақын берген сыйлықтардың енді естелікке айналғанына сенгісі келмейді. 1986 жылы танысқаннан бері апалы-сіңлідей болып араласқан екен. Айтуынша, Фариза ақынның жырлары қаншалықты қатаң болса, мінезі соншалықты жұмсақ.

Асхан Майлыбаева, «Мен, мысалы, өзім сырларымды, кейбір ешкімге айтпайтын мұңдарымды айтатын едім апаға. Сондай сәтте өзінің жанашырлық мінезімен көмегін аяған емес. Енді сырларымды Фариза апаның кітаптарына айтып, кітаптарынан жаныма жылу табамын ғой…»

Осылайша өмірі өлеңге айналған ақын дүниеден өтті. Алайда оның жырлары жұртшылық жүрегінде мәңгі жасай бермек.

27-қаңтар күні Қазақ елі өзінің ақын-қызымен қоштасады. Ақынның денесі Елордадағы пантеонға жерленеді.