Мектеп инспекторлары жетіспейді

368
Білім басқармасының есебі

Облыста 1022 мектеп бар болса, соның 213-інде ғана мектеп инспекторы жұмыс істейді. Оның өзінде 45 пайызы Шымкенттегі мектептерде жүр. Ал аудандарда мектеп инспекторлары тапшы. Бір тәртіп сақшысы бес білім ошағына жауапты.

мектеп инспекторы
Мектеп инспекторы

Облыстық білім басқармасының басшысы Альбина Елшиеваның айтуынша,  мектеп инспекторларының тәжірибесі жоқ. Олар бұл жауапкершілігі ауыр жұмысты қызмет бабындағы саты ретінде пайдаланатын көрінеді. «Инспектор өзінің саласында 6 айдан көп жұмыс атқармаған. 80 пайызынан астамының бір жылдық еңбек өтілі де жоқ» дейді Оңтүстіктің бас мұғалімі.

Десе де мектеп жасындағы балалар арасындағы құқықбұзушылық 4 пайызға төмендеген. Өйткені, мектеп аумағында тәртіп бұзылса, мектеп басшысы орнынан кетеді. Ал мектеп инспекторы сол орнында қала береді. Мұны өзекті мәселе деп қабылдаған облыс басшысы қолынан іс келмейтін инспекторларға шара көруді қиын емес деді.

Білім басқармасының есебі
Білім басқармасының есебі

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Оны шешу қиын ба? Оған кім қарсы? ІІД-нің  басшысы қарсы емес. Ешкім қарсы емес. Аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары мен  бөлім басшылары осындай жағдай орын алғанын көріп отырса, шара қолдануға болады ғой. Қашанғы біз бұйрық береміз?»

Айта өтейік, облыста соңғы бес жылда 251 білім нысаны пайдалануға беріліп, 62 апаттық, үш ауысымда оқитын 29 мектептің мәселесі шешілген. Ал саз балшықтан салынған білім ұяларының саны 270-тен 188-ге азайды. Дегенмен, соған қарамастан білім беру сапасы төмендеп, жай ғана сынып журналын толтыра алмай, дәптер тексермей отырған мектептердің саны көбейіп барады.

Ләззат Базарқұлова, облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы: «191 мектепті мемлекеттік аттестаттаудан өткіздік. Оның 66-сы мектепте білім беру стандарттарын орындамай, оқушыларының білім сапасы төмен болуына байланысты мемлекеттік аттестаттаудан өте алмай отыр.»

Сыннан сүрінген мектеп басшыларына қатаң шара көрілсін деген Асқар Мырзахметов биыл алғаш рет облыстық ата-аналар комитетінің форумы және Шымкентте тұңғыш рет респуликалық пәндер Олимпиадасы өтетінін естіп, марқайып қалды.

Осылайша білім  басқармасының есебін тыңдаған өңір басшысы жүктелген міндеттерді орындамағаны үшін Шардара, Қазығұрт, Отырар аудандық білім бөлімі басшыларының орнынан алынғанын құптап, қатаң жаза жалғасын табады деді. Ал Сарыағаш ауданы әкімдігінің әлсіздік танытып, білім бөлімінің басшысын қызметінен ала алмай отырғаны сыналды. Басшысы айлап емделіп жатқан аудандағы білім бөлімінің жұмысы тұралап қалғаны да назардан тыс қалмады.