Мамандар: «Оңтүстікте оқулық тапшылығы жоқ»

604

«Оңтүстікте оқулық тапшылығы жоқ.» Бұл туралы облыстық білім басқарамасының бөлім басшысы жария етті. Жыл сайын, кезең-кезеңімен тегін оқулықтармен қамтып отырғандарын алға тартқан басқарма өкілі Шымкенттегі оқулық тапшылығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәлімет шындыққа жанаспайды дейді. Сала маманының сөзіне сенсек, ата-аналар оқулық сатып алуға міндетті емес екен.

Айта өтейік, оқулық іздеп, сарсаңға түскен ата-аналардың жан-айқайын «Отырар-TV» телеарнасы да көрсеткен болатын. Әсіресе, бірінші сынып оқушыларына кітап жітесіпейді. Мұны мектеп кітапханашылары да растаған. Осындай мәселелерді ескермеген білім басқармасының өкілі қолда бар мәлемітіне сүйеніп, оқулық тапшылығының орын алып отырғанына таңырқаған кейіп танытты.

Маманның айтуынша, 2012 жылы 4, 6, 11-сыныптар, 2013 жылы 1, 7, 8-сыныптар оқулықпен толық қамтылған екен. Ал биыл 3, 10-сыныптар және 2-сыныптар шет тілі пәнінің оқулықтары 98 пайызға қамтылғанын алға тартты. Басқарманың берген мәліметі бойынша, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының білім бөлімдері ғана оқушыларды оқулықпен қамти алмаған. Ал Шымкент қаласының мектептері оқулықпен 100 пайыз қамтылды деп отыр.

Сүндет СанаевСүндет Санаев, ОҚО білім басқарамасының бөлім басшысы: «Біздегі мәлімет бойынша Шымкент мектептері оқушыларын оқулықпен түгел қамтыған. Ондай мәселе (кітап жетіспеушілігі – редакция) болуы мүмкін емес. Ал ата-аналар оқулық сатып алуға міндетті емес. Мектеп қамтуы керек.»

Маман егер қандай да бір олқылықтар туса, облыстық білім басқарамасына арыздануға немесе 31-08-44 телефонына хабарласуды өтінді. Алдағы уақытта арнайы комиссия құрылып, қандай оқушыға қанша оқулықтың жетіспейтіні сараланып, қамту жолдары да қарастырылмақ.