Шымкентте ғылыми жобалар байқауы басталды

503
Шәкірттер

Бүгін облыс оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы басталды. 15 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген білім бәсекесіне биыл 720 оқушы жолдама алған. Ақтық мәреге сүрінбей жеткен бұл шәкірттердің әрқайсысы шектеулі уақыт ішінде өз жобасын қорғап шығуы керек. Сарыағаш ауданынан келген Т.Өстеміров  мектебінің шәкірті Гүлрайхан Әсілова ғылыми додаға өз жобасын ұысынып отыр.

Шәкірттер сайыстың ашылу салтанатында ән салды
Шәкірттер сайыстың ашылу салтанатында ән салды

Гүлрайхан Әсілова, қатысушы:»Алғашында маған осы ғылыми жобалар байқауына қатысасың деп мұғалімдер айтқанда, сенген жоқпын. Бұл – мен үшін күтпеген қуаныш. Сондықтан ұстаздарымның үмітін ақтайын деп үздіксіз дайындалдым. Жеңіске жететініме 100 пайыз сенемін. География пәнін арқау етіп отырмын. Дүние жүзі кеңінен қолданылатын жобаны енді Қазақстанға да енгізгім келеді. Жобамның тақырыбы  – «Геотермальді су жүйесін пайдаланып, тұрғын үйлерді жылыту.»

Сайыс қатысушылары мен жетекшілері
Сайысқа қатысушылар

Ал байқауды ұйымдастырған облыстық білім басқармасының басшылығы әзірге қазылар алқасының құрамын жасырып отыр. Айтуларынша, бұл әдіс таныс-білістікті жойып, байқаудың әділ өтуіне жол ашады. Бұған қоса биылғы доданың жеңімпаздарына әдеттегідей емес, тек бағалы сыйлықтар әзірленіп қойыпты.

Айта кетейік, ғылыми байқаудың қорытындысы 25-желтоқсанда жарияланатын болады. Ал жеңімпаздар Астана қаласында өтетін ғылыми жобалар сайысында бақ сынамақ.

Серік Әуесханов, ОҚО білім басқармасы басшысының орынбасары: «Тағы бір ерекшелік – сайысқа мектептерден арнайы өкілдер қатыстырғалы отырмыз. Олар әділқазылардың қасында сайыстың барысын көріп, дұрыс өткізгенін бақылап отырады. Егер байқауда үлкен, мағыналы-мәнді, экономикаға, өмірге қажетті деген жобалар табыла қалса, онда сол жобаларды ары қаратып пісіріп, дайындап, «Еxpo-2017″ көрмесіне дайындауға ұсыныс береміз.»