Өнеркәсіптің жаңаруы — бұл заман талабы. Шымкенттегі «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясы үшін де жаңарту бағдарламасы үлкен мәнге ие. Ондағы мамандар модернизациялаудың нәтижесінде өнім сапасының жақсарып, бәсекелестік бәсінің күшейетінін жақсы біледі. Сондықтан аталмыш компания өздерінде жаңарту бағдарламасын іске асыру үшін 1 миллиард 600 миллион доллар жұмсап отыр.
Бақыт Ерегенов, жоба менеджері: «Жаңғырту жұмыстарын біз екі кезеңмен жүргізбекпіз. Бірінші кезеңде мотор майларын Евро — 4 және Евро — 5 стандартына сай етіп шығаруды бастасақ, екінші кезеңде мұнай өңдеу тереңдігін ұзартып, қара алтынды өңдеу көлемін 6 миллион тоннаға дейін молайтпақпыз.»
«Петро Қазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауыты — еліміздегі ірі үш мұнай зауытының бірі. Өндіріс орны жылына 5,5 миллион тоннаға дейін шикізат өңдейді. Бүгінгі таңда кәсіпорын дизель отынын, АИ 80, АИ 92 және АИ 96 жанармайын, сондай-ақ, әуе керосинін, мазут сынды өнім түрлерін шығарады. Жоғары октанды жанармайдың көлемі 70-75 пайызды құрайды. Мұнда қазір Евро — 2 талаптары бойынша өнім шығарылса, жаңартудан соң жанармай сапасы Евро — 4 және Евро — 5 стандартына сай болмақ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=3dAykN0nP-0[/youtube]
Сергей Пилипенко, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС вице-президентінің кеңесшісі: «Жаңарту жұмыстарынан соң біз тек қана жоғары октанды бензин түрін өндірмекпіз. Яғни, шығарылатын жанармай түрі АИ 92, АИ 95, 96, 98-ден кем болмайды. Өздеріңіз білесіздер, бізде мұндай маркалы бензиндер жетіспейді. Аи 93 Ресейден тасымалданады. Оған қоса дизельдік отын көлемі 15 пайызға артатын болады. Егер 2012 жылы біз 1 миллион 306 мың тонна дизель отынын шығарсақ, модернизациялаудан кейін оның көлемін 2 миллион 35 мың тоннаға жеткіземіз. Ал сұйытылған газды екі есе, әуе керосинін 11 пайызға арттырамыз.»
Модернизациялау жұмыстары біткен соң жоғары октанды жанармайға деген қазақстандықтардың сұранысы қанағаттандырылады. Айта кету керек, жаңарту жұмыстары Шымкентте ғана жүріп жатқан жоқ. Павлодар мен Атыраудағы зауыттарда да осы іспеттес жұмыстар жасалуда. Мұнан бөлек, бұдан былай жоғары октанды бензин түрі шетелге де экспортталатын болады.