Шымкентте газ құбырлары жаңаруда

53

Шымкент қаласында тозығы жеткен газ құбырлары жаңаруда. Бұл жұмыстар инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Ал жұмыстың сапасын табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және қоғамдық ұйымдар бақылап отыр.

Үшінші мегаполисте Теріскей шағынауданындағы көпқабатты үйлерді табиғи газ жүйесіне қайта қосу мақсатында газ құбырлары жаңалануда. 2021-2025 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес, өткен жылға 2,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа газ шаруашылығы 76 шақарым газ құбырын алмастырады. Сала мамандарының мәліметі бойынша қазіргі таңда Шымкент қаласында 30 шақырым газ құбыры жаңаланған. Жұмыстың қаншалықты сапалы атқарылғанын қоғам белсенділері қадағалап отыр.

Төлебай Қараменов, «Ардагер-Оңтүстік» Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» бірлестігінің басшысы: «Ұсыныс жасадық, барлығы аяқталғанда, нысанды қабылдағанда қоғам белсенділерін шақырыңдар дедік. Қалай жұмыс атқарылған кемшіліктер сол кезде анықталады. Сосын біз қорытынды жасап өзіміздің пікірімізді білдіреміз. Өйткені біз 1,5 млн халықтың аманатын көтеріп жүрміз».

Қоғамдық мониторинг қосымша тексеру болып есептеледі дейді құзырлы органның мамандары. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті газ шаруашылығы мекемесінің инвестициялық бағдарламада алған міндеттерінің орындалуы бойынша хаттама түзеді.

Айсұлу Әлібекова, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Табиғи монополиялар туралы Заң аясында, біріншіден  лицензиясы бар тәуелсіз баға беретін ұйымдарды тексеруге тартылады. Олар өздерінің қорытындысын береді. Сол құжаттың негізінде табиғи монополия субъектісінің инвестбағдарламадағы міндеттері қалай орындалғаны  қадағаланады. Сосын хаттама түзіледі».

Инвестициялық бағдарламада жоспарланған іс-шаралар жүзеге асса, жаңаланған газ құбырларының өндірістік қуаты артады, технологиялық ысыраптарды азайтады және газ құбырларының пайдалану мерзімдері ұлғаяды дейді сала мамандары.