Әкімдердің айлығы көп пе?

«Нұр Отан» партия-сы мемлекеттік қызметкерлерден жеке табысы мен шығынын тұрақты жариялап отыруын талап етіп отыр. Бұдан былай шенеуніктермен бірге әйелі, баласы, іні-қарындастары мен аға-әпкелері арнайы дек-ларация толтырады. Онда мемлекеттік қызметкердің өзі мен туыстары тапқан табысын ғана емес, жыл бойғы шығынын да көрсетуі тиіс.

Ал, біздің өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің иелігінде қандай мүлік бар? Олар өз мүліктерін жариялауға дайын ба? Бізді қызықтырғаны осы еді. Саулдарымызға жауап іздеп, әкім-қаралардың мүлкін анықтап көруге тырыстық.

Атқамінер шенеуніктердің ара­сын­да мүлкі мен табысы жөнінде кеңінен ақпарат берген бір адам болса, ол – Сапарбек Тұяқбаев. Ол: «Облыс әкімінің орынбасары ретіндегі алатын айлық жалақым 400 000 теңге шамасында. Ал, әйелімнің айлық табысы 150 мың теңге. Шымкентте жылжымайтын және жылжитын мүлкіміз жоқ. Қызметтік пәтерде тұрып, таксимен жүреміз. Есесіне, Астана қаласында жеке пәтерім бар. Оны осыдан 4 жыл бұрын жалға алып, кейін мүлікті өз атына аударып алу бағдарламасы аясында 3 бөлмелі пәтер алғанмын. Соның жалға алу құнын әлі күнге дейін төлеп келемін», – деп ағынан жарылды.

Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды болса айына 264 000 теңге жалақы алады екен. Төрт баланың әке­сі атанған шаһар басшысының иелігінде жылжымайтын мүлік те, жеңіл автокөлік те жоқ. Әйелінің атына жазылған 3 бөлмелі пәтерде тұратын әкім бауырының автокөлігін сенімхат арқылы айдап жүр. Дархан Амангелдіұлының сөзіне сүйенсек, банкте жеке есепшоты болмағанымен, күні бүгінге дейін 20 миллион теңгеге дейін қаржы жинап үлгеріпті.

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов та еңбекақысының сомасын жасырмады. Мемлекеттік қызметте 20 жылдық жұмыс өтілі бар әкім биылғы жылдың 7 айында 2 млн 716 мың теңге көлемінде табыс тапқан. Декларацияға сәйкес, Еңбекші ауданының әкімі айына 388 мың теңге жалақы алады. Ғалымжан Молдабайұлы екінші деңгейлі банктердің бірінде азын-аулақ қаражаты сақталғанын айтқанымен, оның нақты сомасын жасырып қалды. Тек қалада 3 бөлмелі жеке үйі мен «Мерседес» маркалы жеңіл автокөлігі бар екенін білдік. Абай ауданы әкімінің жалақысы да жоғарыда аталғандардан кем емес екен. Ахмет Татыбаевтың айлығы 315 мың теңге. Атында «Джип» маркалы автокөлік тіркелгенін айтқан аудан әкімі басқа жылжымайтын және жылжитын мүлкім жоқ деп ақталды. Алайда Ахмет Өтегенұлы қайда тұратынын айтуды жөн көрмеді. Аудан әкімдерінің арасында табысы мен тұрмысы ең қарапайымы әл-Фараби ауданының әкімі болып шықты. Декларацияда көрсетілгендей, Бауыржан Қалжанов бір айда 291 818 теңге жалақы алады. Әкімнің айтуынша, былтырғы жылға қарағанда биыл оның айлығы біршама көбейген. Десек те, басқа әкімдер сияқты оның да не үйі, не көлігі жоқ болып шықты. Айтуынша жеңіл көлігін сатып жіберген. Жұбайы екеуі қаладағы пәтерлердің бірін жалға алып тұратын аудан әкімі қазір қызметтік көлікті тізгіндеп жүрген көрінеді.

Айтпақшы…

Қазақстан азаматтары, оралмандар мен елде тұруға рұқсат алған тұлғаларға рақымшылық жасау туралы заңның жобасы мақұлданғаны белгілі. Заң жобасы бойынша мүлік пен қаражатты жария етудің негізгі қағидалары да айқындалды. Белгілі болғандай жария ету елдің экономикасына қосымша қаражат пен мүлікті тарту мақсатында жүргізіледі. Екіншіден, жария етілген ақша мен мүлік табыс ретінде танылмайды және оған жеке табыс салығы салынбайды. Үшіншіден, жария етуге рақымшылық басталғанға дейін алынған мүлік жатады. Төртіншіден, жария ету субъектілері бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Құжатқа сай азаматтардың ақша, құнды қағаздар мен мүлкі жарияланады. Ал жемқорлық және өзге де қылмыс арқылы келген мүлік заңдастырылмайды. Науқан ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2015 жылдың соңына дейін жүргізілмек.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

P.S.: Міне, қаланың бірқатар атқамінер басшыларының жалақысы да, мүлкі де осы. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз еркіңіз. Енді басқа да мемлекеттік қызметкерлер ең белсенді әріптестерінен үлгі алса игі.