12-шілде — халықаралық фотографтар күні. Атаулы датаға орай Шымкентте алғаш рет «Жаңа мегаполис» фотобайқауы ұйымдастырылды. Байқау шарты бойынша әрбір қатысушы гүлденген Шымшаһар бейнеленген суретін ұсынуы керек. Фотографтардың додасында біздің де жас фототілшіміз бақ сынады.
Шымкенттің фототілшілері байқауға қатысуға бірден келіскен. Тарихы тереңде жатқан фотографтар күнін атап өтуді, фототілшінің көзге көрінбес еңбегін бағалауды мақсат еткен доданы «Журналистер одағының» Оңтүстіктегі филиалы қолға алыпты. Байқаудың ашылу салтанатынан кейін фотографтар арнайы жеребе арқылы тақырып алды.
Ең үздік фотосурет аталымы үшін «Оңтүстік Рабат», «Рабат»газеттерінің фототілшісі Әйгерім Бегімбет те бақ сынауда. Әйгерімге берілген тақырып — «Шымкент — мәңгі жасыл қала». Тақырып аясында тілшіміз қаланың көрікті жерлерін суретке түсіруді бастап кетті.
Жасыл қала ауқымы кең тақырып болғандықтан көп ойланбай, жайқалған жасыл желектерді, олардың күтімін таспасына жазып алуда. Әйгерім фотоаппаратты қолына алғаш рет 5-сынып оқып жүргенінде алған екен. Содан бері фотоөнерге қызығушылығы артып, қолынан бір сәтке тастамағанын айтады.
Әйгерім Бегімбет, фототілші: «Ол кезде 36 кадры бар фототаспаға түсіретінбіз. Қызығып, туысқандарымды, көршілерімді түсіріп жүрдім. Кейін сандық фотоаппарат алдым. Ол тым қызық болды, керек емес суреттерді бірден өшіріп тастауға ыңғайлы болды. Осылай қызығушылығым арта түсті.»
Оңтүстікте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген санаулы ғана фотограф бар. Солардың бірі — Қайсар Шерім. Ол 1994 жылдан бері фотоаппараты арқылы мыңдаған суреттер түсірген. Оның ішінде республикалық байқауларда көпшілікті таң қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлатқан суреттері бар. Жаны тазалыққа құмар оның бойында байқағыштық, алғырлық мінезі бер. Бұл қасиет фотографтардың бойыны тән болғанда ғана сурет таза шығады дейді ол.
Қайсар Шерім, фототілші: «Қолына фотоаппарат ұстағанның барлығы фотограф емес. Той түсіріп жүргендер үлкен ортада жұмыс істей алмай қиналады. Өтйкені суретті түсірудің де өзіндік ережелері бар. Әсіресе, композицияны аларда қисындыру сынды жұмыстарды бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Сондықтан қолына фотоаппарат алып, үш күн тетігін басып үйрендім екен деп, өзін фотографтардың санатына қосатындармен келіспеймін.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=GK4T6MurJ8Y[/youtube]
Үздік суреттің иесі бүгін анық болады. Әзірге әділқазылар сараптап жатыр. Жас та болса фотографтар арасында бағын сынап жатқан біздің фототілшімізге сәттілік тілейміз.