Биыл облысымыздағы 37 балалар үйінен 230-ден астам жас түлеп ұшты. Олардың 95-і ұлттық бірыңғай тест тапсырған. Алайда тек 79 бітіруші 50 балдық межеден асыпты. Сол балаларды өңіріміздегі 11 университет өздерінде тегін оқуға шақырып отыр. Әсіресе Шымкенттегі мемлекеттік педагогикалық институт 17 грант бөліп, аса белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Себебі, бітірушілердің дені болашақта мұғалім болуды аңсайды.
Оңалбай Аяшев, ОҚМПИ ректоры: «Мектепке барамын деген шәкірт «Мен байып кетем» деп бармайды. Ол «Жанымды тозаққа салам. Ел үшін, Отан үшін қызмет етемін» деп барады. Сондықтан осы білім мамандығын таңдаған түлектерге мен табыс тілеймін.»
Түлектер педагогтан өзге техникалық мамандық пен медицина, құрылыс саласына құлшыныс білдіруде екен. Бұл шарада барлығы да қуанышқа бөленді. Өйткені, бірі балалық арманына жақындай түссе, екіншісі тегін оқуға қол жеткізгеніне дән риза.
Майра Қалуова, облыс әкімінің оқу гранты иегері: «Бала күндегі арманым дәрігер болу еді. Қазір осы арманыма бір табан жақындағандай болдым. Қазір жолдама алдым. Қуаныштымын! Республикамызға қызмет етуге уәде беремін.»
Вероника Мешярякова, облыс әкімінің оқу гранты иегері: «Бала кездегі арманым дәрігер болу еді. Бірақ ҰБТ-да балым жетпей қалғандықтан, бастауыш сынып мұғалімін таңдадым. Ол мамандық та жаман емес деп ойлаймын. Себебі, қазір ауылдарда нашар мұғалімдер сабақ береді. Сондықтан осы мамандықты таңдадым!»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Bp7LCwDGrOc[/youtube]
Шараға белсенділік танытқан жоғары оқу орны басшыларына Сәкен Қаныбеков облыс әкімінің алғыс хатын табыстап, түлектерге үлкен өмірде сәттілік тіледі. Жалпы, балалар үйінен шығып, кісіп иесі атануға ұмтылған түлектердің саны былтырмен салыстырғанда биыл анағұрлым артық.
Ал 16 түлек Солтүстік өңірлерінің жоғары оқу орындарына түспек. Қалған 130 бітіруші колледжерде оқитын болады. Мұнан өзге 5 бала жұмысқа орналасуға ниет білдіріпті.