Түркістанда 500 талапкерге білім гранты табысталды

684

Түркістан облысының орталығында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия елінің квотасын жеңіп алған талапкерлерге тегін білім беру сертификаттары табысталды. Биыл аталған оқу орнына Түркия Республикасынан 500 грант бөлінген. Бұл Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тесттен жоғары ұпай жинап, Қазақстанның грантына іліге алмаған талапкерлерге тегін білім алуға берілген мүмкіндік.

Білімді жастарға Түркия грантын үлестірген оқу орны дарынды талапкерлерге басымдық беріп отыр. Әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған білім сертификаттары халықаралық және республикалық пәндік олимпиаданың 34 жеңімпазына, Әлем, Азия, республика деңгейінде жүлдегер атанған 10 спортшыға, сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 талапкерге берілді. Олардың қатарында Е.Балтабаев, Ә. Бибарыс, Ә.Мәди, Д.Раимова, М. Кемелбек секілді болашағынан зор үміт күттірген спортшылар мен «Ақберен», «Ата-жұрт», «Ясауи», «Дінтану» халықаралық және республикалық пән олимпиадалары мен мүшәйраларының жеңімпаздары бар. Ал қалған білім гранттары ҰБТ мен кешенді тесттен жоғары ұпай жинап, алайда мемлекеттік грантқа іліге алмаған білімді жастарға үлестірілді.

Сондай-ақ, университет түлектері Н.Көкенов, Е.Шаланов және Е.Жақыпов сынды азаматтардың атынан материалдық аз қамтамасыз етілген студенттерге 300 мың теңгенің сертификаттары тарту етілді.

Айта кетерлігі, Ахмет Ясауи университеті өңір халқының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, биылдан бастап оқу төлемақысын төмендетіп отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі