«Біз естімеген бір ән, бір күй». Шымкентте халқымыздың төл өнерін жаңғыртатын жоба жалғасын тапты. Осыдан небәрі 1 ай бұрын қолға алынған шараны бұл жолы облыстық опера және балет театрының өнерпаздары қолға алып, ұмытылар шегіне жеткен ән-күйлерді дәріптеді.
Халық әні «Ақ көйлекті» аға буын бұрынырақта естіген. Тек Дәмелі Жабайқызының орындауында ғана. Халық арасында ауыздан ауызға тарап, тек шумақтары ғана сақталған туындыны сазгер Құралай Сәтмұханбетова нотаға түсіріпті. Бүгінгі кеште тыңдарман туындыны симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен опера әншісі Үралхан Сейілбекованың орындауында қайта тыңдады.
Үралхан Сейілбекова, облыстық опера және балет театрының әншісі: «Дәл қазіргі әсерім өте керемет. Басқа шығармаларға қарағанда халық әнінің өзінің орны бөлек қой. Әнді сахнада орындаған кезде оны жүрегімізге жақын қабылдадым. Қазақи сөздермен нақышында айтып шықтым. Көрермен де жақсы қабылдады. Ең бастысы, мен бұл әнді өзімнің репертурама енгіземін, келешекте де бұны басқа да көрермендер сүйсініп тыңдайтын болады және орындайтын болады.»
«Біз естімеген ән мен күй» жобасы арқылы облыстық опера және балет театрының ұжымы ұмытылар шегіне жеткен 7 ән мен 3 күйді тауып, оны халыққа ұсынды. Көпшілік ғасыр естелігін арқалаған халық қазынасын тыңдап, заманның сырын ұғуға тырысты. Қуантарлығы көрермендер арасында жастар қауымының қарасы қалың болды.
Нұрғазы Толысбек, көрермен: «Кешке көршілерім және ата-апаммен келіп отырмын. Ол кісілерге орындалып жатқан туындылар таныс болса керек. Қосыла шырқап кетті. Ал мен мойындаймын, расында да мен естімеген әндер мен күйлер орындалды. Бұл шара жалғасын тапса екен деймін. Себебі, бабалар аманатын жалғастырушы біз де жатқа айтып жүрер едік.»
Ел есінде еміс-еміс қана сақталған шығармалар осылайша кәсіби мамандардың орындауында тағы да сахналанды. Айта кетейік, дәл қазіргі уақытта облыстық мәдениет басқармасы тарапынан жасақталған арнайы топ аудан-ауылдарды аралап, аға буынның көмегімен халық шығармаларын түгендеп, нотаға түсіруге кіріскен. Жуырда аталмыш еңбектер арнайы жинаққа еніп, жұртшылыққа жол тартатын болады.