«Нұрсәт» шағынауданындағы №158 көпқабатты үйге жанаса салынған тағы 4 үйдің балғындары ойын алаңшасына сыймайды. Алаңшада орналасқан екі ойын құралына таласады. Алдын ала кезекке тұрады. Ал арнайы ереже бойынша әр көпқабатты үйдің ауласында ойын алаңшасы болып, онда кем дегенде 8 ойын элементі орнатылуы тиіс екен.
Күләйшә, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны: «Біз көрші үйде тұрамыз, үйіміздің алдында ойнайтын алаң жоқ. Тек машина тұрады, ойнайтын жер қалдырмаған. Мынадай әткеншек жоқ. Сондықтан көрші үйге келіп, балаларды ойнатамыз. Қазір мына әткеншектің босауын күтіп отырғанымызға жарты сағат болды.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=w_lWJS8Bs7s[/youtube]
Әсіресе үш ай каникулда ойын алаңшасының тарлығы анық сезілуде. Балаларын емін-еркін ойната алмаған тұрғындар тығырықтан шығар жолды іздеп, әкімдікке шағымданған. Бірақ, биыл бұл сұраныстары тағы да қанағаттандырылмай қалатын түрі бар. Өйткені Әл Фараби ауданы әкімдігі ойын алаңшаларын келер жылы түгелдемек. Сол кезде «Нұрсәттегі» 10 үйдің ауласына ойын құралдары орнатылады екен.
Бахыт Мелдебеков, Әл Фараби ауданы әкімдігі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы: «Ойын элементтер кем аулаларға есептеліп, жоқ жерлерге келер жылы оратамыз.»
Мамандардың сөзіне сенсек, шағынаудандағы бірнеше көпқабатты үйдің ауласын көріктендіру, ойын алаңшасын орнату, ойын құралдарын түгендеу жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді. Ол жүзеге асқанша балалар барды қанағат етуге мәжбүр.