Нашақорлықпен күресудің жаңа әдісі

Есірткіге есі кеткендерді жаман қылығынан айыруға болады. Ол үшін «Алмастыру терапиясының» көмегі орасан. Өңірімізге арнайы келген республикалық психиатрия, психотерапия және наркомания ғылыми орталығы басшысының орынбасары Алмас Құсайынов өткізген семинар жиынында осындай мәлімдеме жасалды.

нашақорлықМаманның айтуынша, жаңа емдеу әдісін дүние жүзіндегі 71 мемлекет қолданып отыр. Республиканың 10 қаласында пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатқан «Алмастыру терапиясына» қатысуға елімізден 190 нашақор ықылас білдірген. Соның бүгінде алтауы есірткіге тәуелділік дертінен айыға бастапты.

Серғазы Әлменов, облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері: «Оның жақсы жақтары — есірткі құралдарын пайдаланатын кісі апиынды біреуден ұрлап алу, сатып алу деген мәселеге тап болмайды. Екінші тиімді тұсы — тиісті уақытында қажетті дәрісін алады. Одан кейінгісі, азамат әлеуметке тұрақталады. Яғни, барлық қарапайым адамдар секілді қоғаммен араласа бастайды. Бұл дегені, адамның отбасын құруға, жұмысқа орналасуға деген ықыласы пайда болады.»

Апиынның орнын алмастырушы метадон синтетикалық препараты, әсіресе, есірткіні ине арқылы қабылдайтын нашақорларға жақсы көмек береді екен. Бұл дегені, ВИЧ инфекциясының кең таралуына тосқауыл болады.

Әзірге ем-домның бұл түрі ақпарат ретінде біздегі дәрігерлер мен жалпы қоғамға түсіндірілуде. Яғни, біздің өңірде аталған терапияның қашан іске асатыны белгісіз.

Айта өтейік, республика бойынша есірткіні ине арқылы қабылдайтын 25 мыңдай нашақор болса, соның екі мыңнан астамы Оңтүстік Қазақстанда өмір сүреді.