Оңтүстікте суға кеткендер қатары артып барады. Демалыс күндері Арыс қаласы маңындағы Сырдария өзені мен Көксарай су реттегішінде 4 адамның суға кеткен фактісі тіркелді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметіне қарағанда, оның екеуі кәмелетке толмаған жас бала. Қазір суға батқан бір адамның мәйіті іздестіріліп жатыр.
Облыста биылғы шомылу маусымында тілсіз жаудың құрбаны болғандар саны 26-ға жетті. Оның 17-і — жасөспірім балалар.
Айта өткен жөн, өткен жылдың 5 айлық қорытындысы бойынша 10 адам су түбіне кеткен болатын.
Нұрлан Темірбаев, ОҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы: «Судан құтқару қызметінің құтқарушылары олардың екеуін жедел іздестіру нәтижесінде судан шығарып алған. Біреуін батқан адамның туысқандары мен көршілері судан шығарып алған. Ал батқан бір азамат осы күнге дейін әлі іздестірілу үстінде. Бүгін, міне, бесінші күн. Мәйіт әлі табылған жоқ. Күн ыстық. Адамдар салқындап, шомылғысы келеді. Сондықтан шомылатын орынды таңдағанда тек қана құтқарушылармен бақыланатын жерлерге шомылып және сақтық шараларын сақтауды сұранамыз.»
Мамандардың айтуынша, суға бату оқиғалары бойынша көш басында Арыс қаласы тұр. Онда жыл басынан бері 7 адамды су жұтқан. Тілсіз жаудың құрбаны болу бойынша одан кейінгі тізімді Шымкент пен Түркістан қалалары жалғайды.
Құтқарушылардың сөзінше, ересек адамдардың суға батуына ішімдікке сылқия тойғаны себеп болса, ал жас балалардың өліміне ата-ананың қарауынсыз қалғаны негіз болуда.