Суға батып кеткен 11 адамның 8-і кәмелетке толмаған бала

187

Күні кеше Отырар ауданы аумағындағы Сырдария өзеніне 11 адамның суға кеткенін хабарлаған болатынбыз. Әзірге 8 адамның денесі табылды. Оның алтауы – кәмелетке толмаған бала. Мұны Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«Қосымша анықталған мәліметтерге сәйкес, суға кеткен сегіз адамның алтауы кәмелетке толмағандар. Қалған үш адамды іздестіріп жатыр. Олардың екеуі кәмелетке толмаған», – делінген Түркістан ТЖД-ның хабарламасында.

Бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев суға батып кеткен 11 адамның 5-і бала екенін хабарлаған еді.

Еске салайық, 21 тамыз, кешкі сағат 18:00 шамасында Отырар ауданы аумағындағы Сырдария өзеніндегі көпірдің астында отбасылық демалысқа шыққан Көксарай ауылының тұрғындары суға батып кетті. Олар ағайынды 4 отбасының мүшелері екен. Барлығы 20 адам демалуға барған. Түркістан ТЖД мәліметінше, демалушылар автокөлік көпірінің маңындағы тыйым салынған жерде суға түскен.

Жәнібек Нұрыш