Шымкентте жаяу жүргінші мен автокөлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзуы тыйылар емес. Бұл жөнінде Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жол-патрульдік полиция полкінің қызметкерлері мәлімдеді. Күн сайын рейдтік шараларға шығып жүрген мамандар таяуда қаламыздағы Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойында кезекшілікте болды.
Мәлім болғандай, терезелері толық күңгірттелген автокөліктер мен ешбір құжатсыз көліктің тізгінін ұстағандардың қарасы қалың болды. Олар бұл жолы айыппұл төлеумен құтылған жоқ. Автокөліктері айып тұрағына жеткізілді. Бұдан бөлек жаяу жүргіншілер де жолды кесіп өтуін тоқтатар емес. Ережеге бағынбағандарға әкімшілік жаза тағайындалды.
Әбдіғани Сейдуәлиев, жол-патрульдік полициясы полкінің командирі: «Осы іс-шара кезінде Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойынан 74 азаматқа жаяу жүргіншінің жол ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Және мына белгіленбеген орынға автокөлік қойған жүргізушілердің көліктері айып тұрағына жеткізілді. Бұл іс-шара бір күндік емес, күнде жалғасады. Біздің қазір қаламыздағы үлкен көшелердің бойындағы бей-берекет автокөліктерді тастап кету жәйттерін тоқтату мақсатында жұмыла жұмыс атқарып жатырмыз.»
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 6 айы ішінде бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 939 жол-көлік апаты тіркелген. Оның ішінде 33 адам мерт болып, 1223 адам түрлі дене жарақатын алған.