Жекешелендірудің екінші толқыны! Бұл шараның қолға алынғанына көп уақыт бола қоймаса да, ел арасында бұл ұғым туралы түсіндірме жұмыстары көптеп жүргізіліп келеді. Төменде біз де аз-кем мағлұмат бере кеткенді жөн санадық. Сонымен, жекешелендірудің екінші толқыны дегеніміз не? Ондағы нысандарды кім, қалай меншігіне ала алады?
Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жекешелендірудің қажеттілігі туралы баса айтқаны мәлім. Содан кейін Үкімет арнайы бағдарлама аясында 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспар бекітті. Жоспарға сай елдегі мемлекеттік компанияларға талдау жүргізілді. Нәтижесінде мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық компания мен холдингтердің ғимараттары жалпыға ортақ сатылымға түсетін болды.
Роза ИСАЕВА, ОҚО қаржы басқармасының бастығы:
– Мемлекет басшысының төрағалығымен 2013 жылдың 11 қазанындағы мәжілісте жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде квазимемлекеттік секторы субъектілерін бәсекелестік ортаға беру бойынша тапсырма берілген болатын. Сол бойынша тізім түзілді. Жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі ұйымдар білім саласында ақпараттық қызмет көрсету, санаториялық-курорттық қызметтер, қоқыстарды жинау және шығару, көгалдандыру және абаттандыру, жолдарды ұстау және олардың құрылысы жобалық құрылыс және монтаж жұмыстарын жүргізу, шаруашылық, коммуналдық нарықты ұйымдастыру және тағы да басқа қызмет көрсетумен айналысады. Біздің облыс бойынша тізімге енген нысандардың 6-ы биыл, 8-і келер жылы, қалған 14-і 2016 жылы жекешелендіріледі деп жоспарланып отыр.
Қабылданған кешенді жоспардың мақсаты – республикадағы кәсіпкерліктің дамуына серпін беру, экономиканы жеке бизнес арқылы арттыру болып табылады. Сондай-ақ, бұл шара арқылы ішкі рыноктан бюджетке қаржы тартып қана қоймай, экономикаға әсер ететін жағымсыз факторларды ескере отырып, мемлекеттік шығындарды азайту да негізгі жұмысқа жатады. Осыған орай ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғ.Оразбақовтың төрағалығымен құрылған республикалық эксперттік жұмысшы топтың жұмысы нәтижесінде республика бойынша жекешелендіруге ұсынылатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізімі жасақталды. Бұл тізімге Оңтүстік Қазақстан облысындағы коммуналдық меншіктегі 28 ұйымы мен «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ АҚ құрамындағы 5 ұйым енді. Айта кетейік, коммуналдық нысандардың аукционы электрондық жолмен жекешелендіріледі. Яғни, мемлекет мүлкін сатып аламын деушілер әкімдік ғимаратын тоздырмайды.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
(Оңтүстікте жекешелендіруге жататын нысандардың тізімі «Оңтүстік Рабат» газетінің 31-нөмірінде жарияланады)