Қиыршық тастарды заңсыз қазу тыйылмай тұр

425
қиыршық тастарды қазушылардың қатары сейілер емес

Бадам өзені жағалауындағы қиыршық тастарды заңсыз қазып алу жағдайы тыйылмай тұр. Табиғаттың қазынасын заңсыз олжалаушылардың кесірінен өзен жарты жылдың ішінде жалаңаштанып қалғандай. Көрер көзге аянышты жағдайға жеткен табиғат қорының бүгінгі жағдайы қандай?

қиыршық тастарды қазушылардың қатары сейілер емес
Қиыршық тастарды қазушылардың қатары сейілер емес

Полицейлерді көрген эксковатор жүргізушісі өзен маңынан тайып тұрмаққа бекінді. Бірақ әрекетін жүзеге асыруға үлгермеді. Қарсы беттен қырағы тәртіп сақшылары күтіп алды. Қиыршық тастарды қазуға кіріскендер оқиға онында осылайша қолға түсті.

Келесі табиғат қорын заңсыз олжалаушылардың «бекеті» — көпірдің астынағы «Коммунизм» ауылы. Ешқандай рұқсат құжатынсыз мұнда да қазба жұмыстары қарқын алған. Заңсыз жұмыс 1 минутқа да үзіліссіз өрбуде.

Төлеген Доланов, Абай полиция бөлімі басшысының орынбасары: «Бүгіннің өзінде бірнеше автокөлік қолға түсті. Олардың иелері де бар. Эксковаторлар бар. Олардың әрекеттерінің заңдылығы қазіргі уақытта тексеріліп жатыр. Егер жеке азамат өз пайдасына қазып жатқан болса, ҚР әкімшілік кодексінің 250-бабымен  5 айлық көрсеткіштен 10 айлық көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Ал егер ол заңды тұлға болса, шығын көлемі есептеліп, сол бойынша жауапқа тартылады. Оның шешімі соттың қарауымен болады.»

Бадам өзеніндегі қиыршық тастар биыл алғаш рет ұрланып отырған жоқ. Мұнда 10 жылдан астам уақыт бойы заңсыз қазу жұмыстары белең алған. Бұдан баспаналары өзенге жақын орналасқан Көкбұлақ және Жаңаталап ауылындағы ағайын зардап шегеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=arheEvnfF00[/youtube]

Гүлжан Рысқұлова, тұрғын: «Біз мұнда алғаш көшіп келгенде табиғаты сұлу, таза аймақ еді. Енді мұнда түк те қалмады. Көкпеңбек ауылымыз енді жалаңаштанып жатыр. Мынау қиыршық тастарды ұрлаушыларға айтарымыз бар: Табиғатқа зұлымдық жасамаңыздаршы, бұл біздің еліміз, біздің байлығымыз ғой!»

Қала басшылығының сөзіне сенсек, енді алдағы уақытта да осы қиыршық тастарды заңсыз қазу және тасымалдау бойынша рейдтік шаралар үздіксіз жүргізіледі. Бұл — өзеннің табиғи қорын сақтап қалдудың жалғыз жолы деп отыр мамандар.