Қарбалас. Киімжарыс. Қанағат.

Мектепке баратын жеті-сегіз балаға киім-кешек, кітап-дәптер қарыштаудың қызығы мен шыжығын өзіңіз де көріп, біліп, сезіп жүрген боларсыз
Мектепке баратын жеті-сегіз балаға киім-кешек, кітап-дәптер қарыштаудың қызығы мен шыжығын өзіңіз де көріп, біліп, сезіп жүрген боларсыз
Мектепке баратын жеті-сегіз балаға киім-кешек, кітап-дәптер қарыштаудың қызығы мен шыжығын өзіңіз де көріп, біліп, сезіп жүрген боларсыз

Оқу жылы жақындаған сайын қарбалас. Ата-ана да, бала да әбігер. Әсіресе біздің оңтүстікте қыркүйекке дайындалу ерекше бір науқан. Алтын құрсақты аналарымыз аман болсын! Мектепке баратын жеті-сегіз балаға киім-кешек, кітап-дәптер қарыштаудың қызығы мен шыжығын өзіңіз де көріп, біліп, сезіп жүрген боларсыз. Оның үстіне біздің өңірде күннің қырық градустан асып жығылғанын қосыңыз да, көз алдыңызға елестете беріңіз. Құдай көп көрмесін, сонша балаға қанша қаржы кететінін санаудың, аз қаржыны жеткізудің өзі қиын шаруаның бірі…

…Біздің үйде екі қыздың керек-жарағын түгелдеу басталды. Шілденің ортасынан қам жасағанымызды қайтейік, таусылар емес. Мен, «анау-мынау емес, Ұлттық университеттің білдей 3-курс студентімін» деген дардай фактіні алға тартып, «Қаржы министрінен» көбірек үлес бөлдіргім келеді. Мектеп бітіретін сіңлім Назерке де қалыспайтын бопты.

– Е, шырақ, сенен қалған киімді қашанғы кием? Шыдамның да шегі бар. Бойым да, ойым да толысты. Сенің киімдеріңді енді кимеймін деген ниетпен өзім жақсы көретін кәмпит-күлшені әдейі көп жедім. Так што биыл сылтау айта бермей, менің үлесімді көбейтіңдер деп «Үкіметке де, Қаржы министріне» де шағымхат жазып жүріп, келісімін алғанмын. Әділеттілік орнайтынына сенімдімін дәл осы жылы. Вот тәк, тырық шібиии, − деді де, бір нұқып қалды. Жұдырығы қатты-ей өзінің.

Содан анашыма да, бізге де тыным жоқ. Бәрін алып болдық па дегенде, Назерке «маған спорт шалбарын жаңадан әпересіңдер, су жаңа кроссовки де қарастырылсын бюджеттен» деп шу шығарып, аштық жариялады. Бірақ оның тышқан құсап тығылып, кәмпит-күлше жейтінін білетін менің дым жаным ашымады. Есім шығып, мен де тізімге спорттық киім, ванна халатын, ең бастысы, хирхалатты кіргізуді тарс ұмытып кетіппін ғой. «Үкімет пен Қаржы министрі» бюджетті бекітіп қойғанбыз деп көнбей қоймаса болғаны…

Әкем ренжи бастады. «Не деген бітпейтін киім?».

Өзімізге де обал жоқ, дүкен аралап келген соң екеуіміз жарысып, алған киімдерімізді кезек-кезек киіп, дефиле ұйымдастырамыз. «Үкімет» өзі бөлген қаржының дұрыс, тиімді игеріліп жатқанына көзі жетсін деп, «подтверждающий фактілерді» дер кезінде көрсетіп қалайық деген ниет қой. Біздікі.

− Осы қазіргі жастар шүберекке құмар. Киімжарыс па, бірдеңе. Біздің кезімізде….

Басталды. Бұл әңгіме қозғалса бітті, ол жуық арада аяқтала қоймайтынына кепілдік берем… Жанерке сияқты қысқа, әдемі қайырса мейлі ғой…

− Бала кезімізде киім жағы аздау болды. Бәрімізде. Ауылда да, қалада да. Қыста алты балаға пальто, етік сияқтыны түгел алып беру қиын. Ата-анамызға. Ақша жоқ емес, бар, бірақ сол ақшаға алатын киім табылмайтын. Қазір ғой, ақшаң болса, аспандағы Айға да ұшасың. Ол кезде дефицит болатын. Импортный заттарға ұзын-сонар кезекке тұрып, жетсе алатынсың. Сондықтан мен жадыраған жазды жақсы көретінмін. Бір трусы, бір мәйкің болса, жетіп жатыр. Сол киіммен оянасың, сол киіммен мал айдайсың, сонымен қора тазалап, су әкелесің. Сонымен өзенге түсіп, шомыласың. Шешіп алып, суға бір шайқап, бұтаға жайып, кептіріп, қайтадан киіп аласың. Бітпейтін тірліктер атқарып, доп тебесің, асық ойнайсың, түнде сілең қатып, сол киіммен ұйқыға кетесің. Барлық ауыл балаларының көрген күні осы …

«Үкімет басшысының», кезі келгенде, өз пайдасын көздеп, сұлу мұртын шиырып, «Қаржы министріне» көзін білдірмей қысып қойып, қосып сөйлейтіні бар-ды. Кірпік қақпауға тырысып, қарап қоям, бұл жолы ондайы жүдә байқалмайды.

− Бәрімізде қыдыруға шыққанда киетін біркиеріміз ғана болатын. Оның өзін күтіп киюге тырысып, артымыздағы інілерімізге салтанатты жағдайда табыс ететінбіз. Жалған намыс деген болмайтын. Қайта бірінің киімін бірі киіп өскен ұрпақ ненің болса да, қадірін білетін, бауырмал, мейірімді болып өсті. Ал сендер ше, түктің қадірін білмейсіңдер, біресе ананы әпер, біресе мынаны әпер деуден басқа…

Бір сәтке ойланып қалды. «Біздің үйдегі «Үкімет басшысы» сирек ашуланады, бірақ ашуы қатты. Тоқтауы қиын. Қыпылықтап тұрмыз. Болмайтынға шу шығарып неміз бар еді?»

− Жаз бойы асық ойнап, доп тебудің нормасын асыра орындаған мен мектепке баратын болдым. Асыға күтіп жүрмін. Жаңадан әперген шалбарым мен сөмкемді сипалап қоям оңашада. Көйлегім ғана ағамдікі. Шалбарым да ескі болар ма еді, ағам күтіп кимей, доп тебем деп талай жыртып алған. Отбасылық кеңес амалсыз жаңадан әперуге шешім қабылдады. Асыға күткен күн де жетті. Үш шақырым жердегі мектепке жету қиын болса да, бақыттан басым айналғандай күй кештім. Достарымның бәрі келіпті. Сыныпқа кірдік. Аязбай ағай өзін таныстырып, енді бізбен біртіндеп танысып жатқан. «Ағай, кіруге бола ма?» деген дауысқа жалт қарадық та, бәріміз қыран-топан күлкінің астында қалдық. Тұрлыбек деген досымыз тұр есік алдында. Өзін де, даусын да ересектерше құбылтып қояды. Бәріміз оған емес, киіміне күлдік сол жолы. Үстіне бәріміз секілді ақ көйлек киген досымыз астыңғы жағына… жаз бойы киген ұзын балақ шыт түрсиін киіп апты. Апасы көрпе тысты сөгіп, қолдан тігіп кигізген гүлді-гүлдісін. Досымыз құр тұрмай, онысын жоғары көтеріп қояды бір қолымен. Жаз бойы суға түсіп-түсіп, резеңкесі босаған ғой…

Ағай ғана күлмеді. Қолын көтеріп, бізді тынышталдырды да, «кел, Тұрлыбек, Әлімжанның қасына отыра ғой» деп, танысуымызды одан әрі жалғастыра берді.

Алты жасар Тұрлыбектің мектепте оқитын екі ағасы, екі әпкесі бар. Олардың бәрін мектепке дайындау оңай емес. Сондықтан отбасылық кеңесте Тұрлыбек мектепке келесі жылы барады деп шешкен. Үлкендер. Бірақ оқуға құштар әрі достары Әлімжан, Нұрлыбайлардан қалғысы келмеген ол бірінші ауысымда оқитын ағасының көйлегін киген де, шалбарын таба алмаған. Ал ағасы көйлегін шешіп, мәйкішең, шалбарымен доп теуіп кеткен. Амалы таусылған Тұрлыбектің ұятын мектепке деген шексіз махаббаты жеңген екен…

«Үкімет басшысы» одан әрі ашуланбай, езуіне күлкі үйірілді. Ондай кезде одан мейірімді әке жоқ әлемде… Қалағаныңды сұрай беруге болады. Бірақ біз олай етуге ұялдық.

Бала кездегі қанағатшыл-дығымыз қайда кетті екен өзі…

Шапағат Өміртай,

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің 3-курс студенті

«Оңтүстік Рабат», №34, 20.08.2014