Қараусыз қалған үйлердің, жеке мүліктердің иесі табылмаса, мемлекеттің меншігіне өткізіледі. Бұл мәселе әлі де соттың құзырында. Облыстық соттың ғимаратында осы жағдайдың келелі проблемалары кеңінен айтылды. Шараға құзырлы органдар және жергілікті соттардың судьялары қатысып, дөңгелек үстел барысында біраз ойларын ортаға салды.
Соңғы уақытта қараусыз қалдырған үйлеріне қайта оралғандар көптеп келіп, сотқа жүгінеді екен. Ал қараусыз қалған ғимараттардың коммуналдық қарызы қордаланып қалғаны да бар.
Мадияр Балкен, облыстық азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы: » ОҚО аумағында бұл істер бойынша қиындық туындап жатқан жоқ, заң да бұзылып жатқан, өзгеріп жатқан шешімдер жоқ. Жалпы, қаралған істер, шешімдер заң күшінде. Оның санын айтқанда, жалпы осы 2010 жылдан бастап 160-тай шешім шыққан, яғни, коммуналдық меншікке мүлікті тану жөнінде. Түсіп жатқан талап-арыздың саны 200-ден асады.»