Облыстық сотта судьялардың жаңа әдеп кодексі талқыланды

Облыстық сотта судьялардың жаңа әдеп кодексі талқыланды

Енді соттар ашық түрде өтетін болады. Сотқа қысым көрсету мақсатында қоғамдық пікірді өз пайдасына бағыттау фактілерінің алдын алу үшін судьялар БАҚ өкілдерімен жұмысын күшейтпек. Бұл туралы облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов Астанада өткен республика судьяларының 7-съезінің қорытындысы бойынша кеңес отырысында мәлімдеді.

Үлкен жиында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесіндегі реформалардың нәтижесін саралап, алдағы маңызды мақсат-міндетін айқындап берген еді. Бұл съезд ел судьяларының жаңа әдеп кодексінің қабылдануымен есте қалды.

Облыстық сотта судьялардың жаңа әдеп кодексі талқыланды

Былтыр Қазақстан Президенті әкімшілігіне ел азаматтарынан заңдылықтың сақталуына байланысты 10 мыңға жуық, ал биыл он айда 7 мыңнан астам шағым келіп түскен. Яғни сотқа сенімсіздік әлі де бар деген сөз. Осыған байланысты төрт жыл сайын өтетін съезд биыл кезектен тыс өтті. Елбасы осы шағымдарды азайту үшін жұмыс істеу керегін атап өтті.

Жиында талқыланған мәселелер төңірегінде облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов жергілікті сотта кеңес отырысын өткізді. Өңіріміздің судьялары мен сот басшылары съезден алған әсерімен бөлісіп, оның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, төраға өз сөзінде ең алдымен, сот жүйесінің беделін және қоғамның оған деген сенімін арттыру үшін бар күш жігерін салу қажеттігін айтты. Жиын барысында съезд делегаты, қабылданған жаңа кодекстің жаңашылдықтарымен бөлісті.

Енді ант берген судьялар тек өзіне ғана емес, отбасына да жауапкершілікті жүктейді. Қоғамдық орындарда әдепсіздікке жол бермей, әдеп нормаларын мүлткісіз сақтауы тиіс. Судьялардың жаңа әдеп кодексі отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен әзірленді.

Сондай-ақ, енді соттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін баспасөзбен үйлестіруші судья соттағы жүріп жатқан жұмыстарды журналистерге, қоғамға, үкіметтік емес ұйымдарға жеткізіп отыратын болады. Осылайша, жетiншi съездiң тарихи маңыздылығы судьялардың жаңа әдеп кодексiнiң қабылдануы болды.