Шәмші әндері Ақсудың бойында шырқалады

15 тамыз – ұлы қазақ композиторы, ұлттық музыка өнерінің дамуына сүбелі үлесін қосқан Шәмші Қалдаяқовтың өмірге келген күні. «Қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, ән әлемі майталманының 84 жылдық мерей тойына орай Оңтүстікте «Шәмші апталығы» алғаш рет ұйымдастырылуда. Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған шарада ән әлемінің падишасы атанған композитордың тек өнер емес, өмір жолы туралы да сыр шертіліп, жаңа есімдердің жарыққа шығуына мүмкіндік туады.

32-014

«Арыс жағасында» ретро-фестиваліне 5 жыл

«Арыс жағасында» ретро-фестивалі алғаш рет осыдан 5 жыл бұрын өткізілген болатын. Содан бері бұл іс-шара дәстүрге айналды. Биылғы ретро-фестиваль «Ақ босаға», «Қимаймын», «Ақ қайыңдар» әнімен танымал болған Мұхамеджан Рүстемов, есімі елге белгілі композитор, «Қарагөз», «Іздедім сені», «Ақ маржан» әндерінің авторы Мыңжасар Маңғытаев, «Іңкәр», «Алыстасың армансың», «Мереке» туындыларының авторы Жанғали Меймандосов, «Мен сені сағындым», «Бақытты бол», «Шағала» және қазақ радиосының жылдар бойы беташары (позывной) болып келген «Ақмаржан» әнінің авторы Сейдалы Тұрғынбаевтардың шығармаларына арналады. Айта кетейік, «Арыс жағасында» ретро-фестивалін өткізудегі мақсат — қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқұлының әндерімен қоса облыстан шыққан өзге де композиторлардың елге кеңінен тараған, бірақ бүгінде орындалмай кеткен шығармаларын, яғни ұмыт болып бара жатқан туындыларды насихаттау болып табылады. Биылғы фестивальге де жылдағыдай республикаға белгілі өнер иелері қатысады деп күтілуде.

Іріктеу сынынан 22 үміткер өтті

Жыл сайын қазақ вальсінің патшасы атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне орай «Менің Қазақстаным» байқауы ұйымдастырылып келеді. Биыл облыстық деңгейдегі байқау 14 тамыз күні, ал қатысушыларды марапаттау рәсімі 16 тамызда Шымкенттегі «Шәмші әлемі» гүлзарында өтетін болды. Облыстық мәдениет басқармасының таратқан мәліметіне сүйенсек, ән байқауда өңірге қарасты аудан, қалалардағы іріктеу сынынан өткен 17 мен 29 жас аралығындағы өнерпаздар бақтарын сынайды. Айта кетейік, «Менің Қазақстаным» байқауы ел арасында ән өнерін дамыту, соның ішінде жас талант иелерін анықтау, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып келеді. Ең алғашқы дода 1992 жылы өткізілген болатын. Содан бері талай талант иесі қазақ өнері әлемінде өз есімін қалыптастырып, бүгінде өзінің сүйікті тыңдармандарын қалыптастырып үлгерген. Олардың қатарында Тахмина Әшімбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, Хадиша Шалабаевалар бар. Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының редакторы Шолпан Мамытханованың айтуынша, 18-ші рет ұйымдастырылып отырған байқауға қатысуға 37 үміткер өтініш білдіріпті. Оның 22 алғашқы іріктеу сынынан сүрінбей өткен.

32-015

«Шәмші сүйген шырайлы ел»

«Шәмші сүйген шырайлы ел» атты ән-байқауы биыл Төлеби ауданы Ақсу өзенінің бойында Мәдени ауылында өтеді. Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы қызметкерлерінің айтуынша, бұл байқау биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр екен. Облыстық деңгейдегі додада өңірге қарасты әр аудан, қалалардан бір үміткерден бақтарын сынайды. Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңнің шартына сәйкес барлық қатысушылар Шәмшінің «Аққудан ұшқан аққуым» атты әнін орындап шығуы тиіс. Екінші кезеңде орындалатын әнді қатысушылардың өздері таңдайды.

 Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №32 06.08.2014