Ақсулықтардың қоқысын кім тасиды

273
Сайрам тұрғындары

Ақсулықтар екіге бөлінді. Тұрмыстық қалдық таситын компанияны таңдаған тұрғындар келісімге келе алмай, шу шығарды. Бір бөлігі ауылға 10 жылдан бері қызмет көрсетіп келген мекемені өзгеге ауыстырғысы келмесе, екінші топ ескіге көңілі толмай, ауыл тазалығы үшін жұмыс жасауға дайын шымкенттік компанияны қолдап отыр.

Сайрам тұрғындары

Тұрғындар тұрмыстық қалдық шығаратын компанияны таңдай алмай әлек. Бірі бұрынғы қоқыс тасушылар қалсын десе, енді бірі жаңа компанияның қызметін қалайды. Екі жаққа бөлінген ауыл тұрғындарының айқайын аудан әкімінің орынбасары да баса алмады.

Осы уақытқа дейін қызмет жасап, қоқыс тазалап келген «Қарасу БРМ» мекемесіне бәсекелес компания табылыпты. Шымкенттен келген жаңа мекеменің қызметін көпшілік қаламайды. Ал бұрынғы компанияның 7000 тұрғынмен жасасқан келісім-шарты бар. Оның мерзімі 2017 жылға дейін жасалған. Сондықтан көпшілік үйреніп қалған ауылдық компания қызыметін жалғастырсын дейді.

Ал ауылда бірнеше ай бойы зерделеу жұмыстарын жүргізген шымкенттік «Бағ Нұр» мекемесі жергілікті кәсіпкердің өз міндетін дұрыс атқармай жатқанын анықтапты. Ақсукент ауылы қоқысқа толып кеткендіктен, жергілікті билік жәрдем беруді сұраған секілді. Енді бұл мекеме де бәсекелестік нарығына еніп, көпшілікпен келіссөз жүргізуге белсене кірісіпті. Өзге қаладан барған мекеменің бұл әрекеті көптің көңілінен шықпағандай.

Өкінішке орай, бұл кездесуде де ортақ келісім болмады. Тіпті аудан әкімінің орынбасары мәселені шешуге қауқарсыз күй танытты. Қатты тұрмыстық қалдықты шығару қызметі бәсекелестік ортаға жатады. Бюджеттен қаржы бөлінбейді, тұрғындардың ақшасына атқарылатын қызметтің түрі. Сондықтан болар, екі компания халықтың қаржысына таласып әлек.

Нұрлан Жаңабай