Лагердегі баласына барғанда…

550

«Қарны ашқан балаларым тіс пастасын жепті», «Әжетханадан қағаз таппай, шөппен сүртіпті», «Макароннан басқа түк жемеген», «Лагердің тазалығы нашар». Жазғы демалысын сауықтыру лагерінде өткізген шымкенттік оқушылардың ата-аналары осылай айтады. Олардың сөзінше, қалалық білім басқармасынан жазғы лагерге тегін жолдама берілген. «Тегіннің тұзы татымас» сөзі бекер айтылмаған-ды. Бұған 10 күн бойы қала сыртындағы лагерде демалған балалар да, олардың ата-аналарының да көзі жетті. Лагердегі балаларымыз қалай демалып жүр? Осы сауалдың жауабын іздедік.

4 лагерге 7 мыңнан астам бала

7241 шымкенттік оқушының жазғы демалысын лагерде өткізуіне 220 млн теңге бөлінген. Биыл көпбалалы, аз қамтылған отбасының балалары мен мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға басымдық беріліп отыр. Лагерге тегін жолдама:
– 1. Мемлекеттік әлеуметтік қолдауға ие болғандар;
– 2. Отбасының табысын жан басына шаққанда 20789 мың теңгеден аспағандар;
– 3. Мектепте құрылған арнайы комиссияның оң шешімін алғандар;
– 4. Төтенше жағдайдың кесірінен жәрдем алуға мұқтаж отбасының балаларына берілді.

Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның айтуынша, жазғы маусымда қала сыртында 4 сауықтыру лагері жұмыс істеп жатыр. Олар – «Арман», «Ақсу», «Ұшбұлақ», «ЕркеМашат» лагерлері. Соның ішінде «Ақсу» лагері қалалық оқушылар сарайының балансында. Қалған 3 лагерь мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетеді.
– Биыл демалатын балалардың саны біршама көп. Былтыр 7000 оқушы тегін жолдама алған болса, биыл олардың саны 241 балаға артық. Биылдың тағы бір өзгешелігі – жолдаманың бағасында. Былтыр 30 мың теңге болса, биыл 37 мың теңгені құрап отыр. Мұның барлығы азық-түлік пен еттің қымбаттауына байланысты- дейді Айгүл Текебаева.

ЛАГЕРДЕ «УСЛОВИЕ» ЖОҚ

Білім басқармасындағылар бір баланың 10 күндік демалысына – 37 мың теңге қаралғанын айтқанымен, бірінші және екінші ауысымдарда демалып қайтқан оқушылардың ата-аналары балаларының үйге аш келгенін айтады. Кейіпкеріміз Айнұрдың балалары – солардың бірі. Жалғызілікті ана екі перзентін алғаш рет лагерге жіберіпті. Айтуынша, тегін жолдамаға қол жеткізгенде төбесі көкке жеткен.
Айтуынша, қуанышы көпке созылмапты. 6 сынып оқитын ұлы мен 4 сыныптағы қызы үйіне аш әрі ауырып келген. Салдарынан жұмыстан бір аптаға сұрануға мәжбүр болыпты.
– 3 балам бар. Барлығы да мектеп оқушысы. Әлеуметтік осал топқа жатқандықтан (асыраушысы жоқ жалғызілікті ана) биыл 2 балама лагерге тегін жолдама берді. Кішкентайым 1 сыныпты бітірген. Мамандар оған жолдама бермеді. Бір жолдамаға қол жеткізе алмай жүргендерді көргенімде, осыған да шүкіршілік еттім. Сөйтіп, балаларым бірінші ауысымда лагерге кетті. 3 күннен соң халдерін көрейін деп сонда бардым. Қызым әбіржіп кетіпті. Бірақ ойнап, шомылып жүргендерін, күнделікті макарон жейтіндерін айтты. Сондағы тәрбиешіге жолықтым. Балаларымның жатын орнын, асханадағы мәзірді көрсетуін сұрандым. Бірақ, рұқсат етпеді. Балаларым сонда қалатын болған соң сөзге келмеуге тырыстым. Үндемей кете бердім,- дейді Айнұр.
Алайда балалары үйге келгенде Айнұрдың төбе шашы тік тұрыпты. Айтуынша, ас мәзірінен макарон үзілмеген. Бірақ, балалардың қарны соған тоймапты. Сөйтіп, тіс пастасын жеген.
Бұл – бұл ма?! Редакцияға хабарласып, өзін «Айнаш» деп таныстырған кісі баласының әжетханадан қиналғанын алға тартты. Баласы анасына бөлмесінің жанында әжетхана болғанымен, даладағы туалетке баруға мәжбүрлегенін айтқан. Сонда да қағаз болмай, шөпті қолданған. Ал суды далада ағып тұрған қол жуғыштан ішіпті.

ӘР АУЫСЫМДА 300 БАЛА

Бір қызығы қос кейіпкеріміздің балалары «Ақсу» сауықтыру лагерінде демалған болып шықты. Жоғарыда Айгүл Текебаева айтқан қалалық оқушылар сарайының балансындағы лагерь.
3-ші ауысымның басталуымен сол мемлекеттік мекемеге біз де атбасын бұрдық.
Бізді аға тәрбиеші Гүлмира Кенжебаева қарсы алды. Келу мақсатымызды айтқанымызда, басшылықтан рұқсатымыз бар не жоғын сұрады. Мемлекеттік мекеме болғандықтан оқушылардың қалай демалып жатқанын көруге, білуге заңмен рұқсат берілгенін түсіндірдік. Дейтұрғанмен лагерьге бірден кіре алмадық. Қаладағы басшысына қоңырау шалып, білім бөлімімен хабарласып әрең дегенде кіруге рұқсат алдық.
– 1-ші, 2-ші ауысымда 200 баланы қабылдадық. 3-ші-8-ші ауысымдарда 300-ден астам баланы қамту көзделуде. Қазіргі 3-ші ауысымда 313 бала демалуда. Олардың көбісі көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушалар. Осы маусымнан бастап білім бөлімінің бұйрығына сәйкес, балалар үйінің тәрбиеленушілері де бізде демалады. Осы маусымда 113 баланы қабылдадық. Оқушылардың осы 10 күнді ұмытылмастай етіп өткізуі үшін барлық жағдай жасалуда. 5 мезгіл тамақ, ойын, дискотека ұйымдастырылуда,- дейді Гүлмира Кенжебаева.
Соңымыздан бір елі қалмаған аға тәрбиеші осылай деп ағынан жарылды. Бізбен бірге лагерді аралап шықты.

БІР БӨЛМЕДЕ 10 БАЛА

Бірінші кезекте балалардың жатын бөлмелерімен таныстық.
Байқағанымыздай мұнда бөлменің ауданына, кеңдігіне қарай кереуеттердің саны әр түрлі. 3 адамдық бөлмеден 10 адамға дейін бар. Бөлмеде 10 жатын орны болғанымен барлығына ортақ бір шкаф және екі балаға 1 тумбочка. Бөлмелер таза. Бірақ, ауасы тар. Әсіресе 10 баланың басы қосылғанда мұндағы жағдайды айтпаса да түсінікті. Айтпақшы, ғимараттың ішінде әжетхана бар. Есігі ашық. Кез келген жан емін-еркін кіріп шыға алады. Бірақ, балақайлар бұл әжетханаға түнде ғана баратындарын айтты. Күндіз сырттағы әжетхананы пайдаланады екен.
Екінші нысан асхана болды. Ас пісіруші түскі ас-ауқаттың қамымен жүр екен.


– Таңертең ботқа мен шай береміз. Түскі ас бірінші және екінші болып бөлінеді. Бірінші асқа кеспе, ноқат, күріш сорпасы, ал екіншіге ет тұздығымен қарақұмық, макарон береміз. Түстен кейінгі тоқбасарға кисель, кампот немесе шырынмен бәліш не пирог таратылады. Сағат 18:00-де кешкі ас. Бір күні палау, екінші күні жаркое, тағы бір күні макарон дайындаймыз. Содан кейін сағат 21:00-де айран мен печенье беріледі, – дейді бас аспаз.
Айтуынша, балалардың сұрауы бойынша қосымша тамақ та, сусын да беріледі. Ал алма, банан, алмұрт сияқты жеміс-жидек қарастырылмаған көрінеді. Себебін аспаздан сұрағанымызда «білмеймін» деп қысқа қайырды.

ӘЖЕТХАНА ҚАҒАЗЫН ӨЗІМЕН АЛЫП ЖҮРЕДІ

Әр отрядтың баласы өзімен бірге әжетхана қағазын алып жүреді екен. Лагерді аралау барысында осыны байқадық. Себебі, сырттағы әжетханада қағаз жоқ. «Қағазды ұмытып кетсең, өзіңнен көр. Шөппен сүртпеске амал жоқ» дейді балақайлар. Сондықтан да олар әжетханаға бір-бірлеп бармауға тырысады. Егер қағазды ұмытқан жағдайда екіншісін жұмсау үшін. Ал ерінгендер түрлі амалын табады екен. Дейтұрғанмен балақайлардың жүзі бал-бұл жайнап тұр. Жақсы, көңілді демалып жатқандарын айтады. Бір мезгіл шомылып, түрлі ойындарды ойнайды. Осында ұйымдастырылатын мерекелік кештерге қатысады. Тамақ мәзіріне де көңілдері толатын сияқты. Әңгімеге тартқанымызда үйлерін сағынып жүргендерін айтты. Бірақ, мүмкіндік болса келер жылы осында келгіміз келеді деді.
Мұнда құрылысы аяқталмаған үш қабатты ғимарат қасқайып тұр. Жартысы біткен, жартысы алқам-салқам шыққан ғимараттың жанында балалар ойнап жүр. Лагерь қызметкерлерінің айтуынша, бұл нысанның мәселесі бірнеше жылдан бері өз шешімін таппай келеді. Ал егер құрылыс толығымен аяқталса, бұл лагердің балаларды тек жазда ғана емес, жыл бойына қабылдауға қауқары жетеді екен.
Міне, қала сыртындағы лагерді аралау барысында байқағанымыз осы. Балалардың сөзі, олардың қалауы мәселеге нүкте қояды.

3 ай жазғы демалыс. Балақайлар соны асыға күтеді. Әрине, осы аралықта балалардың жазғы демалысының жақсы өткені жақсы. Әсіресе, мемлекеттен қолдау болып, жағдай жасалып жатқанда, бөлінген қаржы мақсатты жұмсалса игі еді.
Қадірлі оқырман! Балаңыз, немереңіз, шөбереңіз лагерге барып, бірақ аш қалып, әбіржіп келсе, бізге хабарласыңыз. Фото-видео дәйегіңіз болса, бізге жіберіңіз!

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» , №27, 3 шілде 2019 жъ